Азиядадан Универсиадаға: Қазақстанның спорттағы жарқын жетістіктері мен жеңістері

ІІ-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада – 2017 жылдың айтулы спорттық оқиғасы. 30 қаңтар күні халықаралық деңгейдегі доданың жалауы көтеріліп, еліміздің қоржыны медальдармен толығуда.
Универсиада – Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) қолдауымен өткізілетін студенттер арасындағы халықаралық спорттық дода. Бәсекелі сайыста жоғары оқу орындарында оқып жүрген 17-ден 28 жасқа дейінгі студенттер мен магистранттар өзара бақ сынасады. 1993 жылдан бері жаһандық қысқы Универсиада ойындарында еліміздің жастары да өнер көрсетуде. Осы уақыт аралығында халықаралық деңгейдегі додаға 700 спортшы қатысып, 125 медальді олжалаған.
Универсиада 50 жылдан астам уақыт бойы Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші ірі халықаралық жарыс саналады. Дүбірлі доданы өткізу құқығы ТМД елдері арасында Қазақстанға бірінші бұйырған. 2011 жылы қабылданған шешімге сәйкес Алматы қаласының асығы алшысынан түсті.
BH-5
- Еліміздің мерейін асырған талай байрақты дода Сарыарқа төрінде ұйымдастырылды. 2011 жыл Қазақстан спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Төрт құрлықтың саңлақтары VII Қысқы Азиада ойындарында Астана және Алматы қалаларында бас қосты. Саңлақ спортшыларымыздың жеңістері мен жетістіктерін баяндайтын құнды кітаптар Елбасының кітапханасында сақталған. Мәселен, Айғазы Наурызовтың «Қазақстанның спорт тарихында тұңғыш рет: Олимпиада алауының эстафетасы. Қысқа Азияда ойындары - 2011» кітабы еліміз үшін елеулі спорттық оқиғаны сипаттайды. Оны парақтасаң, жерлестеріміздің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері еріксіз көзге елестейді, - деп отандық спорт жайлы сыр шертетін басылымдармен Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы Бибігүл Бекенбаева таныстырды.
0U3A5630-1
Қазақ елінің даңқын асырған Лондондағы 30-шы жазғы Олимпиада ойындары туралы кітапқа да спортсүйер қауымның қызығушылығы жоғары. Серік Пірназардың «Олжалы отызыншы олимпиада. Лондонда өткен Олимпия ойындары» кітабы дүбірлі доданың барысын сипаттайды. Спортшыларымыздың жарқын жеңістері жайлы басылым беттерінде жарық көрген материалдар да назардан сырт қалмаған.
«Алматы. Қысқы ойындардың әлеуетті астанасы». Кітап Қазақстанның керлинг қауымдастығының бас хатшысы Виктор Кимның қаламынан туған. Ол еліміз Ұлттық Олимпиада комитеті мүшесі атанғанша дейін олимпиада қозғалысын зерделеуге 12 жылын арнаған. Зерттеу нәтижелері жинақталған жинақты Елбасы кітапханасында парақтауға мүмкіндік бар.
Кітапхана сөрелерінде отандық спорт саласының тынысын баяндайтын туындылар бір төбе. Олардың әрқайсысы еліміздің туын әлемдік деңгейде желбіреткен қазақстандықтарға арналған.
BH-4
- Кітаптарды оқысаң, бойды мақтаныш сезімі кернейді. Толайым табыстар - Мемлекет басшысының елімізде спорт саласын дамытуға және жастардың халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетуіне қамқорлығының жемісі. Бірнеше күн бұрын Алматыда алауы жағылған дүбірлі доданың өзіндік ерекшелігі бар. Оның ашылу салтанатында Елбасымыз спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізетінімізді ерекше атап өтті. Қысқы Универсиадалар тарихында тұңғыш Атлеттер қалашығы Қазақстанда салынды. Шетелдік спортшылар қайта жаңғырған «Медеу» мұз айдынына, Іле Алатауы шатқалындағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының көз еліктірер сұлулығына тамсануда. Салауатты өмір салтының нышанына айналған Универсиада халықтың денсаулығын нығайтуға септігін тигізетіні даусыз, - дейді Бибігүл Қалыққызы.
Әлемнің 59 елінен 2 мыңнан астам спортшы сынға түскен Универсиада ойындарында спорттың 12 түрі бойынша 86 медаль тігілді. Бүгінде Қазақстанның қоржынында екі алтын, екі күміс және төрт қола медаль бар. Фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбекке топтық сайыста тең келері табылмады, спортшыларымыз бас жүлдені олжалады. Биатлон сайысында ел намысын қорғаған Алина Райкова алтыннан алқа тағынса, Галина Вишневская күміс жүлдеге ие болды. Фристайл бойынша өнер көрсеткен қыздарымыз Жібек Арапбаева күміс, Жанбота Алдабергенова қола медальды иеленді. Шаңғышымыз Анна Шевченко Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері атанды. Қонькимен жүгіру бойынша Екатерина Айдова үшінші орынды жеңіп алды.
Қысқы Универсиаданың бойтұмары ретінде Сұңқардың таңдалуында терең мән бар. Құс - жеңіске деген жігер мен талпынысты білдіреді. «Қанатыңды кең серпі!» деген ұранмен төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен Алматыда тоғысқан жас спортшылар шеберліктерін паш етуде.