Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде Елбасы кітапханасында белгілі айтыскер-ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айнұр Тұрсынбаевамен кездесу кеші өтті. Аталған кеш Елбасы кітапханасы және «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ортақ жобасы ‒ еліміздің танымал ақын-жазушыларымен «Мәңгілік мұра» атты шығармашылық кездесу кештері шеңберінде ұйымдастырылды.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері және «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарында білім алушы оқушы жастар қатысқан кездесу кешінде ел мен туған жерді сүю, шетелде білім алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды тәрбиелеу, ақындық өнер туралы жақсы ойлары айтылды. Осы мәселелер жайлы айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаева:
- Айтысқа мен үлкен махаббатпен келдім. Менің мамандығым айтыскер-ақын болса, мамандығыма деген махаббаттың арқасында жетістіктерге жеттім. Махаббат жоқ жерде өсу де жоқ. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы мемлекеттің жастарға жасап отырған үлкен мүмкіндігі. Бұл бағдарламаны жақсының жақсылығын үйрен, шетелде оқыған білімінді туған еліңнің игілігі үшін жұмса деп түсіну керек. «Болашақпен» тек қана үздік оқыған жастар ғана емес, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі жоғары жастарды жіберу керек. Жастар бойында ұлтқа, елге, туған жерге деген махаббат болуы керек. Шетелге білім алуға баратын жастар, ең алдымен, туған тілі, ұлттық салт-дәстүрді жетік білуі тиіс. Жастар болашақ мамандығын таңдауда сол мамандықты шынайы ұнатып сүюі керек, - дейді.

Жастар тәрбиесі туралы Айнұр ханым:
- Қазір әлеуметтік желілерге байланған заман. Жастар кітап оқымайды. Кітап оқу мәдениеті жоғалып барады. Содан да болар біздің жазушыларымыздың қадірі де кетіп барады. Жастар классик қаламгерлерді білмейді. Ол дегеніміз кітап оқымаудың кесірі. Мен, әсіресе, қыздардың біліміне қатты алаңдаймын. Қыздардың білімді болғанын қалаймын. Себебі, кейінгі ұрпақтың тағдыры ‒ болашақ аналар ‒ бүгінгі қыздардың қолында. Болашақ аналар тәрбиелі, инабатты, білімді болса, келер ұрпақтың өмірі де жарқын болады, - дейді.
Кездесу кешін жүргізген Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековтің «ақындық таланттың шығу тегі», «алғашқы айтыс» туралы сұрақтарына Айнұр Тұрсынбаев былай жауап берді:
- Ақындық ‒ қанмен келетін дүние. Ақынды қолдан жасау мүмкін емес. Менің ақындық талантым үшінші сыныпта ашыла бастады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маған «сенің бойында суырыпсалмалық» өнер бар деп әртүрлі тақырыпта өлең шығаруға тапсырмалар беретін. Әлі есімде үшінші сыныптан бастап кітап оқуға құмар бола бастадым. Кітапханадан күнде екі кітап алып, сол кітаптарды екінші күні оқып қайтарып беретінмін. Жастарға айтарым кітапты көп оқыңдар. Менің елдің сүйікті ақын қызы болуыма, айтыстарда жүлделі орындар алуыма кітапты көп оқығандығым септігін тиді. Ұшқыр ой, бейнелі сөз бен орамды тіл байлығын кітаптан таптым.
Мен алғаш айтысқа он төрт жасымда шықтым. Ол кезде туған ауылымда қазақтың ұлы ақыны, данышпан Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылған болатын. Міне, осы айтысқа мені де қатыстырды. Алайда, ол кезде мен айтыстың мән-мағынасын терең түсінбеуші едім. Алғашқы айтысым республикалық ақындар айтысынан басталса, содан бері жиырма бес жыл республикалық ақындар айтысына қатысып келемін, - деді.

Кештің мәртебелі қонағы ‒ Айнұр Тұрсынбаева «көркем өнердегі ең күрделісі – ақындық өнер. Осы өнер бойына қонған таланттарды жазба және суырыпсалма ақындар деп жіктейді. Олар синкретті өнерді сақтаған дарындар. Айтыскер-ақындар әртістік, ақындық, музыка өнерін сабақтастыра білген таланттар» деген ойын ортаға салды.
Мазмұнды кездесу кешінің көрермендері айтыскер-ақынға әртүрлі сұрақтар қойды. А.Тұрсынбаеваға ақындық мектеп, шәкірт тәрбиелеу, ана тілі мәселелері, айтыс шоуға айналып бара ма, айтыс және саясат секілді қызықты сұрақтар қойылды.
Ақындарды тәрбиелеу, қалыптастыру және жетілдіру туралы сұраққа А.Тұрсынбаева мектеп бағдарламасына «Шешендік өнер» деген пән бағдарламасын енгізу қажет деген ойын білдірді. Ал, «айтыс және саясат» деген сұраққа А.Тұрсынбаева:
- Ақын дегеніміз халық пен билік арасындағы өкіл іспетті. Ақындар халықтың сөзін билікке жеткізушілер деп қабылдаймын. Айтыскер-ақын болудың өзі саясаткер болу. «Айтыс» деген сөздің түбірі «айт» дегеннен шыққан қой! Ақындарға саясатты айтпау мүмкін емес. Тәуелсіздігіміздің сындарлы жылдары ішінде айтыскер-ақындар жер-су, елдімекендер мен ауылдардың атауларының өзгеруіне, бұрынғы биліктен қалған ескерткіштердің алынуына зор ықпал етті дей аламын, - деді.

Сондай-ақ, кеш қонағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласы мектептерінің оқушыларына сертификаттар беру рәсіміне қатысты.
Кездесу кешін ұйымдастырушылар қазақтың ару айтыскер-ақын қызына раушан гүл шоғы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жылдар және ойлар» кітабы мен қазақ тіліне аударылған «Маугли кітабы» фильмінің дискілерін сыйлады.
