АЙДАР МАХМЕТОВ: ӨМІР ЖОЛЫ – ҚИЫН ЖОЛ

Бүгін Елбасы кітапханасында студент жастар мен «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ АҚ сыртқы және ішкі байланыстар жөніндегі департаменттің директоры, белгілі спортшы, каратэ бойынша Қазақстан спорт шебері, панкратион бойынша халықаралық спорт шебері Айдар Махметовтың кездесуі өтті.

«Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің аясында өткізілген іс-шараға М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Семей қаласы Шәкәрім университетінің студенттері қатысты.

Сұхбат үлгісінде өткен кездесу барысында Айдар Махметов өмірлік жолымен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді. Оның сөзінше, бойындағы мінез-құлықтың қалыптасуына жанұядағы тәрбие ықпал еткен екен. Кішкентай Айдар өз бойына спортқа деген ықыласты әкесінен сіңіріпті. Әкесінің біртоға мінезі мен қаталдығының арқасында ол мектеп пен университетті үздік бағамен бітіріп, спорт пен ғылым салаларында, өз мансабында үлкен жетістіктерге жеткен.

Алайда Айдар Махметов табысқа апарар жолда жеңіліс пен соққы, күншілдік пен көре алмаушылық, көпшіліктің сыны іспеттес бір қатар қиындықтарды бастан кешірді. Шет мемлекетте білім алу мақсатында ол түрлі қызмет түрлерін атқаруға мәжбүр болды. Ыдыс жуып, даяшылық ету, бетон құю сияқты жұмыстарды еңбекқорлығы мен спорттық төзімділіктің арқасында ойдағыдай орындады.

Сыйлы қонақ спорт саласының қыр-сырын түсіндірді. Ұзақ үзілістен кейін спортқа оралғанын мақтан тұтатын Айдар Махметов бүгінде жас қарсыластардың өзіне төтеп бере алады. Ол жеке өмірінің тәжірибесімен бөлісіп:

– Әр адам дұрыс қойылған мақсаттар мен өмірлік ұстанымдарға, бойындағы біліміне сүйінуі тиіс. Бүгінде жастар бәріне бірден қол жеткізгісі келеді. Бұл – жазық далада іргетасы қаланбаған үйді тұрғызумен тең. Үнемі ізденіп, оқудан жалықпаған адам білімінің жемісін міндетті түрде көреді, - деп жастарға өз кеңесін берді.

Кездесу соңында Айдар Махметов «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің тыңдаушыларына сертификаттар табыстау рәсіміне қатысты. Іс-шарадан естелік ретінде сыйлы мейманға «Н.Ә.Назарбаев. Өмірбаян» кітабы тарту етілді.