2018 жылдың 18 қыркүйегінде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Атырау қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Елбасы Н. Ә. Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинары өтті.
Семинардың мақсаты Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны, еңбек жолын насихатта арқылы жас ұрпақтың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту болып табылады.
Семинарды ашқан алғы сөзінде Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов Назарбаев Зияткерлік мектебіне іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Кітапхананың көрме жобасының мақсаты туралы айтып берді:

– Біздің көрме жобамыз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстанның жаңа заман тарихының беттерін парақтайды. Кешегі күннен бері Елбасы кітапханасының қызметкерлері Атырау қаласы мен аудандарында семинарлар, тренингтер, көшпелі экскурсиялар, жастармен кездесулер өткізіп жатыр. Біздің көшпелі іс-шараларымыз Елбасы кітапханасының жинағынан бірегей құжаттарды ұсынып, сирек кездесетін жәдігерлерді қолмен ұстап көруге мүмкіндік береді. Бүгін студенттер арасында көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, саясаткер, 150-ден астам еңбектің авторы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековпен кездесу өтті. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесінің ашылуына 500-ден астам адам қатысты, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешов өзінің алғы сөзінде Елбасы кітапханасымен тығыз әріптестік қатынаста жұмыс жасауға ниет білдірді:

– Біз Елбасы кітапханасымен бірлесе жұмыс жасауға қашан да ризамыз. Мемлекет басшысының есімімен аталатын мекеме ретінде біздің мүддеміз бір. Ал оқушыларымыз жас кішілігіне қарамастан, ел дамуына үлес қосудың жауапкершілігін терең ұғынады. Оларға бүгін оң бағыт беріп, жаңаша ынталандырған Кітапханаға алғысымыз шексіз. Мұндай мазмұнды іс-шаралар көп болған сайын жастарға деген сенімділігіміз де арта бермек, – деді.
«Елбасы Н. Ә. Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинарын осы жобаға қолдау көрсетіп жүрген ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің концерттік бағдарламасы ашты.
Семинардың шеңберінде Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері Ләйлә Омарова мен Әсия Оспанова Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына дәрістер мен тренингтер өткізді.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері Ләйлә Омарова Президенттің туған жері Қаскелеңге (қазіргі Қарасай ауданы), Шамалғанға (қазіргі Үшқоңыр), Алматы, Теміртау, Қарағанды, Днепродзержинск қалаларына жасаған ғылыми-ізденіс экспедицияларының және ҚР Тұңғыш Президентінің замандастарымен кездесу барысында алынған мәліметтердің, сондай-ақ архив пен кітапхана қорынан табылған құнды деректердің нәтижесінде жинақталған материалдарды ұсынды.

Семинарды қорытындылаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Кітапхана өзінің Ғылыми-білім беру бағдарламасының аясында әрдайым ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, көптеген түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізетінін атап өтті. Семинар барысында ұсынылған «Елбасытану» және «Лидерлік қасиетті дамыту» элективті курстары – Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолын ғылыми-зерттеу негізінде жасаған жұмыстары.
Семинар қатысушылары жоғары деңгейлі іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Нұрсұлтан Жаңабай, НЗМ 9-сынып оқушысы:
– Бүгінгі дәріс мұғалімдердің де, оқушылардың да көңілінен шықты. Осы уақытқа дейін бұрын-соңды білмеген деректерге көз жүгіртіп, өзара ақпарат алмастық. Көзқарастарым да жаңа бағыт алды. Келешекте ел дамуына үлес қосып, елдің мақтан тұтатын тағы бір Нұрсұлтаны болуға ниетім күшейе түсті.

Семинар соңында ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға сертификаттар берілді.