Биыл ел күнтізбесінде атаулы даталарға толы жыл. Алтын Орда хандығының 750, 75 жылдығын биыл атап өткен ІІ Дүниежүзілік соғыстың бір топ қазақстандық Кеңес Одағының батырларына – 100 жыл. Бұл деректер алдағы мақалаларымыздың арқауы болмақ.
Биыл туғанына 200 жыл толған Маңғыстау домбырашылық мектебінің негізін қалаған Абыл Тарақұлы жайлы тарқатып жазбақпыз. Шын есімі – Абылай. Үй ішінің жас кезінде еркелетіп айтуымен ел арасында «Абыл» атанып кетеді.
Ол – 1820 жылы Оймауыт-Желтау мекенінде дүниеге келген.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Абыл күйші жастайынан ән мен күйге, аңшы-саятшылыққа, ат үстінен сайыса, найзаласа білетін жауынгерлік өнерге құмартып өседі. Ұстазы Боғда, Қошқар күйшілер болған. Қазақстанның батыс аймағын, қарақалпақ, түрікмен, елдерін аралап, өнерпаздармен кездескен.
Шежіреші ақын Қаржаубай Рейімбайұлының 2009 жылдың 25 қараша күнгі «Жаңаөзен» Жаңаөзен қалалық қоғамдық-саяси газетінің № 48 (1435) санында: «Адайдың алпыс батыры» тақырыбымен берілген Балуанияз батырдың соңғы жорығы туралы тарихи әңгімені талқылай келе, түгелдей аттарын атап өтеді. Алпыс батыр құрамында Абыл Тарақұлының аталуы халқы үшін қару ұстаған ер екендігінің, өнерден өзге атқа қонған батыр болғандығының дәлелі.
Абыл күйлерінен өзге сарын байқалып, жыр сияқты мазмұндап, суреттеп отыратынын Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, музыка маманы Маржан Зинелова«Күй деген құдіреті Қазағымның» атты еңбегінде: «Айталық, жігерлі, екпінді болып келетін құрылымы романтикалық лирикаға, философиялық толғауларға негізделген Дәулеткерейдің, әсем әуенге, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы Тәттімбеттің, құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті Қазанғаптың, жыр-дастанға ұқсайтын Абыл күйлерінің ауыр екендігін домбырашылар мойындайды»,- деп жазады.
Таласбек Әсемқұлов «Рух қуаты немесе Шәмілдің орындауындағы күйлер жайлы толғаныс» атты еңбегінде күйдің көкейге қонымдылығы, оның орындаушысына да байланысты екенін былайша нақтылып көрсетеді:
«Абыл» күйі – Үргеніш, Хорезм, Үстірт үшін бір ғасырға жуық созылған адай менен түрікменнің арасындағы қанды күрес тарихынан жеткен үзік сыр. Алайда, бүгінгі ұрпақ күй астарындағы қатқабат тартысты, серілік дәурені аяқталған, басынан бақ тайған алаштың сол кездегі көңіл-күйін айна қатесіз бейнелейтін әлдебір жүрек суырған сарынды тани алмаған. «Абыл» осы күні көп күйдің бірі ретінде ғана тартылады. Алматы консерваториясының ұстаздары пайдаланатын «проходной репертуар» («екі кештің арасында, жеңіл-желпі концертте тарта салатын) деген термин бар. Міне, біреулерге ұнамаса да айтайық, «Абылдың» бүгінгі орындалуы осындай «репертуарды» елестетеді. Осындай жағдайда Шәміл орындаған «Абылдың» ең озық нұсқасын жан-жақты насихаттап, болашақ күйшілерге үлгі ретінде ұсыну керек».
Бұдан Абыл күйшінің тыңдарманы мен жанашырлары толастамайтынын аңғарамыз. Ал, марқұм шежіреші, ұстаз Андрей Қартбаевтың 2006 жылғы Алматыдағы «Атамұра» корпорациясынан басылып шыққан «Адай Құдайке шежіресі» кітабында «Бес Есенғұл» тақырыбында: «…Байбол оның Есенғұл ұрпақтарының көпшілігі Маңғыстаудың ойында болмағандықтан, олардың кейінгі ұрпақтары арасынан шыққан белгілі зиялы тұлғалары туралы аңыз-әңгімелер де болмады, шежірелік таралуы туралы деректер де тапшы болды. Жоғарыда айтылып өткендерге біздің қосарымыз, олардан басқа Жазықбайұлы Сақау батырды, Есмағанбетұлы Ырысжан молда мен Төле жыршыны, атағы Батыс өңіріне кеңінен таныс Абылай (халық арасында Абыл атанған) Тарақұлы деген сазгер күйшіні оқырмандар есіне сала кетпекпіз...»-деп жазған.
Абыл күйші ата тегін шежіремен өрбітер болсақ: Адай – Құдайке – Қосай – Байбол – Есенғұл – Қоңыр – Қарабөрік – Бертіс – Тарақ – Абылай. Абылайдан: Айсара, Жансара, Гүлсара есімді үш қыз болыпты. Үшеуі де Жайық бойындағы Байұлына тұрмысқа шығады. Өзінен төрт жастай үлкен жырау Шопықұлы Қалниязбен кездесе қалса, екеуі күймен көңілқос сұрасады екен. Абылдың домбырасы Бертіс – Ақберді – Жайылған – Жұбанның үйінде сақталады. 1920 жылы Бертіс – Бегімбет – Бектұр – Жасар – Жалғасбайдың үлкен ұлы Жүсіп алады. Жүсіп – күйші, әнші, палуан болған. Ол Сам құмында үйленбей опат болады. Жүсіпке айттырулы Бегей ауылының қызы Алмаш әмеңгерлік жолмен Жүсіптің інісі Омарға атастырылады. Омардың баласы Бөгеннің үйінде Абыл домбырасы жоғалады.
Ал, енді Абылдың «Нарату», «Абыл», «Балуанияз жорығы», «Аманша, Санақай», «Ақсақ құлан», «Аранжанның шалқымасы», «Мамық ана», «Бес шыңырау», «Қараған-Босаға – қан майдан», «Алпыс батыр» т.б шығармалары халық арасында орындалып, кейбіреулері жоғалып кете барды. «Аранжанның шалқымасы» туралы әртүрлі аңыз көп...Соның бірі, әрі ақиқаты, ауыл ақсақалы Бертіс – Бегімбет – Аранжан – Қазыкен – Оңайбай – Сәрсенғалиұлы Дәрментай аға айтқан, ұрпақ арасында атадан балаға жалғасып келе жатқан оқиға желісі еді. Тарихи оқиға былайша баяндалады:
Бірде Абыл аң аулап жүріп аңсызда Түркменнің Жәумітіне қолға түсіп, тұтқын болады. Оның күйін тартып, атын жаттап өскен жәуміттер де Абыл екенін аңғармайды. Ауыл аймақ Абылды іздеп әуре сарсаңға түседі. Жалғыз ұлы жоғалған әкесі Тарақты әбден сары уаймға батады. Тарақтың ағасы Бегімбеттен екі ұл: Аранжан, Бектұр туған. Аранжан – ержүрек, батыл, шешен, палуан жігіт болыпты. Інісі Абылдың хабарын ауыл малшыларынан естиді. Араға уақыт салмай, атқа қонып, Абдал руындағы бай, беделді досына барып, Абылды құрсаудан шығарып беруіне өтініш жасайды. Аранжанның құдайласқан досы бұйымтайын екі етпей орындап, ара түсіп, Абылды аман-есен босаттырады. Досы құр жібермей ат шапан айып төлеп, қонақасы беріп, құрметтейді. Адай өнерпазымен түркмен бақшылары бас қосып, бояуы кеппеген, жаңа туындыларын тыңдап, бір-бірінің өнеріне әбден қанығады. Сол бас қосуда Қазақ-түрікмен арасында абыройы тасып, көңіл-күйі шалқып отырған өзінен бес жас үлкен ағасы Аранжанға Абыл күйші ризашылығын, шабыттың тасқынымен туындаған «Аранжанның шалқымасы» атты жаңа күйімен білдіріп, дүйім жұрт алдында тарту етеді...
Өнертанушылар «Абылдың шығармашылығы стильдік жағынан оған шалқыма пошымы, нәзік қайырымдар, күрделі үндестік тән»,- деп бағалайды.
Есбай (Тазбала), Алтынай, Сәулебай, Өскенбай, Арал, Құлшар, Қауен, Есір, т.б. күйшілер өздерін Абылдың шәкірті санаған әрі оның күйшілік өнерін, орындаушылық дәстүрін жалғастырып, кейінгі ұрпаққа жеткізген.
Материалды әзірлеу барысында ашық дереккөздердегі материалдар мен Қармыс жыршы Разбаевтың әлеуметтік желідегі жазбалары пайдаланылды.
Абыл күйшінің қаламсаппен бейнеленген суреті белгілі баспагер-публицист Бақытжан Бұқарбайдың http://mq.kz/ авторлық сайтынан алынды.
