«АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ» ВЕБИНАРЫ ӨТТІ

Бүгін Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай «Ата Заң – тәуелсіздіктің тірегі»  вебинарын өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл еріктілер жылы деп жарияланды. Бұл шешімді Қасым-Жомарт Кемелұлы «Birgemiz» еріктілер фронт-офисінің ашылу рәсімінде жария еткен еді:

– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. Демек, ерікті болу – жүректің ісі, шынайы ниеттің көрінісі.

Вебинарды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова елімізде қалыптасқан сыни жағдайға қарамастан, еріктілердің Елбасы кітапханасында өткен әрбір іс-шараға, атап айтқанда конференция, дөңгелек үстел және астананың бірнеше мектебінен 1500-ге жуық оқушыны қамтыған волонтерлік сағатқа белсене қатысқанын атап өтті.

– Елбасы Н.Ә. Назарбаев жастардың азаматтылықты тек құқықпен байланыстырмай, ұғымның астарынан өз басының жауапкершілігін, отбасы мен Отан үшін жауапкершілікті сезінуін айтқан болатын. «Болашақ – білімді жастардың қолында» деген ақиқатты ол әрдайым еске салып отырады, - деп Б.Қайыпова тыңдаушыларды бірлескен жобаларды болашақта бірге жүзеге асыруға шақырды.

 

Вебинарға қатысқан еріктілер Ата заңның тарихына көз жүгіртіп, қызық деректерді ортаға салып отырды.

– Ата Заңның қағидалары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың әрі парызы, әрі басты міндеті. Елбасы кітаханасының еріктісі ретінде біз бұл мәселені жастар қоғамы мен жасөспірімдер буыны арасында насихаттауды борыш санаймыз. Атап өтсек, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру мекемелерінде патриоттық рухты дәріптеу мақсатында өткізіліп келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен астананың қалыптасу тарихынан, Елбасының даңғыл жолынан сыр шертетін волонтерлік сағаттарды жалғастырып, Ата Заңымыздың маңыздылығын, оның бүгінгі қоғамдағы рөлін жас жеткіншектерге түсіндіру жұмыстарын әрі қарай өрбітпекшіміз, - деді Елбасы кітапханасының еріктісі Әнуар Жұмабеков.

Вебинар соңында еріктілер жаңа оқу жылының жұмыс жоспарымен танысты.