АСТАНАДА АУҒАНСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МҮМКІНДІКТЕРІН КЕҢЕЙТУ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

5 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы Талдау орталығының ғылыми сарапшылары «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясына қатысты.

Астанада өткен конференцияны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры және Еуразиялық медиа форуммен бірлесе отырып ұйымдастырған. Шараға Әзірбайжан, Ауғанстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ, БҰҰ-ның жоғары деңгейлі делегациялары қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова Мемлекет басшысының қазіргі әлемдегі әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, қоғамның өмірі мен әл-ауқатын жақсартудағы ерекше рөлі мен олардың көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешудегі үлестерін атап айтқан алғы сөзін оқыды. Сонымен қатар Мемлекет хатшысы Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріндегі әйел құқығын кеңейту сұрақтары бойынша бірнеше пікір білдірді. Халықаралық бизнеске тарта отырып, әйелдердің кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын талқылау және қабылдау, сондай-ақ Ауғанстан мен Ирландық республикалық армиясы (ИРА) белсенді әйелдерінің мүдделі топтарын құру мәселелерін қарастыру ұсынылды.

Конференция модераторы CNN, BBC, Al-Jazeera телеарналарының бұрынғы тележүргізушісі, журналист, продюсер Риз Хан болды.

Ауғанстанның Мәдениет және ақпарат министрі Сафи Хасиннің «әйел өз елін дамытуға барлық күшін салады» деген сөзі көпшіліктің арасында ерекше қызығушылық тудырды.

Форумның ашылуында Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Тавакуль Карман, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Танзила Нарбаева, Қырғызстан Вице-Премьер-министрі Алтынай Омурбекова, Ауғанстанның Әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назари, Орталық Азия бойынша БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман сөз сөйледі, сонымен қатар АҚШ Президентінің кеңесшісі Иванка Трамптың бейне жолдауы ұсынылды.

«Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференция аясында «Ауғанстандағы қыздар мен әйелдердің тұрмысы мен білімін жақсарту елдің экономикасын көтеруге, жұмыс орындарын ашуға, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм және өңірдегі радикализмге үндеумен күреске ықпал ететініне баса назар аударып, Ауғанстанның әлеуметтік және экономикалық дамуын инвестициялау және жағдайды тұрақтандыру бойынша Орталық Азия елдері үкіметінің күш салуын қолдайтынын» білдірген конференцияға қатысушылар ерекше декларация қабылдады.

Конференцияда белгілі болғандай, қазақстандық бастамалардың жалғасы ретінде Ауғанстанға мыңдаған азаматтық мамандар дайындау бойынша Қазақстан үкіметі 2019–2020 жылдары ауған әйелдеріне шәкіртақы бөлетін болады.

«Ауған әйелдерінің құқығына арналған конференцияның Қазақстанда өткізілуі Ауғанстанды қалпына келтіру бойынша халықаралық қолдауды жүзеге асыруда Астананың маңызды рөлін нығайта түседі. Аталмыш шара Қазақстанның бейбіт бастамаларының дәлелі және Ауғанстан мен оның халқын интеграциялау үдерісінің Орталық Азия өңірлеріндегі маңыздылығын арттырудың ортақ мүдделі жалғасы болып табылады. Бұл оқиғаның еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болған жылына дөп келуі де қуантарлық жайт.

Астанада Қазақстан-Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімдердің қатарында Ауғанстанда әлеуметтік маңызы бар нысандардың (мектеп, аурухана және көпірлер) құрылысына, тұрақты негіздегі гуманитарлық көмектер көрсету, сонымен қатар ҚР жетекші жоғары оқу орындарында оқуға білім гранттарын (ИРА-ның мың азаматына) беру жүйесін жүзеге асыруда Қазақстанның рөлі маңызды болып қала береді», – деді Елбасы кітапханасы Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің аға ғылыми қызметкері Осман Досов.