Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент кітапханасында Астана қаласының №32 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Батырлық институты: дәстүрлер, мәртебе және қару-жарақ» тақырыбында музей сабағы өткізілді.
«Жәдігерлер сөйлейді» циклі аясында өткен іс-шара қару-жарақ пен әскери техниканың бірегей коллекциясы қойылған «Даңқ галереясы» залында ұйымдастырылды.
Сабақ барысында жоғары сынып оқушылары қару тапсыру дәстүрінің тарихы мен ерекшеліктерімен танысты. Мектеп оқушылары әлемге әйгілі қару-жарақ мектептеріне қызығушылық танытып, бұйымдарды көркем өңдеу және безендіру түрі бойынша ажыратуды үйренді.
Сабақтың негізгі бөлігі қазақ қоғамындағы батырлар институты мен батырлардың мәртебесіне арналды. Қатысушылар жауынгер-батырдың қару-жарағы: қылыш, семсер, найза, садақ, күрзі, айбалта туралы ақпарат алып, «Бес қару» ұғымымен танысты. Сонымен қатар, балалар жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырған Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Жаңыбек, Тайлақ, Санырақ, Олжабай, Сағынбай, Баян, Сары, Тәттібай, Барақ және басқа да қазақ батырларының өмірі мен жаунгерлік ерліктері туралы мол мағлұмат алды.