АСТАНА КҮНІНЕ ОРАЙ МУЗЕЙЛІК БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Маусым айының 30-ыншы жұлдызында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Елорда күніне арналған дәстүрлі музейлік балалар мерекесі өтті.

Ізгі дәстүрге айналған іс-шара Кітапхана мен елордалық Білім басқармасының мектепке дейінгі мекемелерімен жемісті әріптестігінің нәтижесі болды.

Биылғы жылы «Елорда елімнің мақтанышы» атты мереке № 87 «Қадыр» балабақшасының ұжымымен бірлесіп дайындалды. Оған «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова, «Бес Асыл» ҚҚ басшысы Ләззат Асқарова, Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасының, білім беруді жаңғырту орталығының өкілдері, балабақшалардың басшылығы, әдіскерлері, музыкалық жетекшілері мен тәрбиешілері, сондай-ақ балалардың ата-аналары қатысты.

Әсем костюмді қойылым барысында балалар өздерінің музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерлерін көрсетті. «Астана әні», «Қазақстан – Отаным», «Ата-ананы тыңдайық», «Оқып, білім аламыз» әндері шырқалды. Өлеңдер оқылып, «Мәңгілік ғұмыр иесі Самұрық» әдеби-музыкалық композициясы, «Қызғалдақтар», «Жасыл мекенім», «Батырлар биі» атты билері және «Жасай бер, жайна – бас қалам» флешмобы орындалды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова: «Астана күні маңызды қоғамдық-саяси және мәдени мәні бар мемлекеттік мереке. Нұр-сұлтан қаласы Тәуелсіз Қазақстанның символына және бірегей қазақстандық брендтердің біріне айналды. Сіздерді келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Ата-аналар мен педагогтарға жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде зор табыстар мен жетістіктер, ал балаларға халық игілігі үшін қызмет жасап, еңбек етуге дайын өз Отанының лайықты азаматы болуды тілеймін. Осы тұрған балалардың әрқайсысы – біздің халқымыздың құндылығы, еліміздің өсіп келе жатқан зияткерлік әлеуеті, оның болашағы», – деп атап көрсетті.

Балабақшаның меңгерушісі Ләйлә Рахымжановаға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың атынан алғыс хат, ал оның тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар табыс етілді.