Елбасы кітапханасы алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарды қуана қарсы алады.

Астана қаласындағы «Эрмитаж күндері» аясында Елбасы кітапханасы Музейіне Мемлекеттік Эрмитаждың бас директорының орынбасары және бас қор сақтаушысы Светлана Адаксина бастаған делегация келді. Делегация құрамында Эрмитаждың жетекші қызметкерлері – реставрация және консервация бөлімінің меңгерушісі Татьяна Баранова, «Арсенал» бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Любин, ғылыми реставрациялау және консервациялау бөлімінің қымбат металдар реставрациясы лабораториясының меңгерушісі Игорь Малкиель, «Арсенал» бөлімінің шығыс қаруларын сақтаушы ғылыми қызметкер Всеволод Образцов, «Арсенал» қару бөлімінің сектор меңгерушісі Юрий Ефимов және т.б. бар.
Экскурсиядан кейін делегация басшысы Светлана Адаксина Астана және Музей туралы алған әсерімен қуана бөлісті:

– Бізді талай уақыттан бері Астананың мәдени мекемелерімен өте тығыз шығармашылық және адами қатынастар байланыстырып келеді. Біз үшін бұл байланыс өте қымбат. Астана – керемет қала. Ол қала құрылысы мен ұлттық идеяның феномені, ерекше сүйіспеншілікпен салынған. Мұнда көздерінен нұр шашқан ерекше жандар тұрады. Мұндағы барлық жандар өз мәдениеті мен қаласының жанашырлары сияқты көрінеді. Мен көргендерімнің бәріне тәнті болдым, ерекше қуат алдым.
Елбасы кітапханасының экспозициясымен Ленинград облысы, Киров қаласы Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетов атындағы Киров гимназиясының қызметкерлері – кітапхана-ақпараттық орталығының меңгерушісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Екатерина Мусина және тарих пәнінің мұғалімі Галина Афанасьева ерекше қызығушылықпен танысты. Ұлы Отан соғысының атақты батыры Сұлтан Баймағамбетовтың есімі мектепке 2001 жылы берілген.

– Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетов 1943 жылдың шілдесінде Ленинградты қорғауда Синявино елді мекенінде жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан. 2002 жылдан бері Сұлтан Баймағамбетов есімі берілген Қостанай облысы Әулиекөл орта мектебімен бірігіп, жұмыс істеп келеміз. Синявино биіктігінде Қазақстанның екі дивизиясы біздің қаланы қорғады. Осы жерде көп қазақстандықтар ерлікпен қаза тапты, соғыс майданында құрбан болған жауынгерлердің сүйегін қайта жерлеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Астананың бірнеше мектептері мен университеттерінде болып, әскери-патриоттыққа тәрбиелеу тәжірибелерімен таныстық, – деді Екатерина Мусина.
Қонақтар Ленинград үшін қаза болған қазақстандық жауынгер батырларды еске алу аллеясындағы Синявино биіктігі мемориалының тұрғызылуы жайлы әңгімелеп берді. Қонақтарды С. Баймағамбетовтың туған жиендері – Әуезхан мен Асылмардан Қадырбаевтар алып жүрді.
Олар экскурсияның ұйымдастырылуына алғыстарын жаудырып, Елбасы кітапханасының білім беру жобасымен жақынырақ танысуға ниет білдірді.
