Astana IT University студенттеріне арнап “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты көшпелі дәріс өткізілді.
Елбасы Кітапханасының әлеуметтік-ағарту жобалары Қызметінің жетекші сарапшысы Ақбота Хамитова Елбасының бағдарламалық мақаласының мақсаты мен міндеттері туралы айтып, рухани жаңғыру бойынша студенттерге бірқатар бағыттарды түсіндіріп, арнайы жобалардың мәнін ашты әрі оның тезистерін жүзеге асыруда жастардың белсенді қатысуы маңызды екенін тілге тиек етті.
Дәріскер ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық құжатында жаһандану жағдайында ұлттық мемлекетті құру ерекшеліктерін жан-жақты сараптап, ХХІ ғасырда ұлттық сананы сақтау мен дамытудың нақты жолдарын ұсынып, қазақ халқының тарихи ата-тегін, ежелден қазақ халқына тән болған құндылықтар, жоғалып кеткен идеалдарды қалыпқа келтіруге бачым назар аударатынын алға тартты.
- Н.Ә.Назарбаевтың идеяларының жүзеге асуы оның “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы негізгі әрекеттер мен басымдықтарды ұстану елдің әлеуетінің нығаюына мықты қуат беріп, адам капиталының дамуына ықпал етеді әрі бірлік пен ұлттық бірегейлікті сақтауға, Қазақстанның бәсекеге қабілеттігіне серпін беруге жол ашады, - деп атап өтті А.К.Хамитова.
Дәріс аяқталғаннан кейін мақаланың негізгі тұстарын сараптау бойынша ұжымдық талқылау өтті.
- Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы біздің өткенімізге баға беріп, ұлттың рухани жаңаруының бағдарламасы бола отырып, болашаққа жол ашады. Бұл мақала қоғамның басты сүйенуі тиіс алғышарттарын анықтап беріп, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің рөлін арттыру, мақсатқа жету жолындағы прагматизм, сондай-ақ жастардың ғылым мен дамуға белсенді ат салысуына ықпал етеді. Елбасы Кітапханасына дәрісті ұйымдастырғандары үшін және Ақбота Қамойқызына студенттерге жетік те қызықты тілде түсіндіргені үшін алғыс айтамыз, - деді Astana IT University тәрбиелік жұмысы бойынша проректоры Абай Қалықов.

