2019 жылғы 16-17 қарашада Елбасы кітапханасының қолдауымен Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» пікірталас клубы мен Астана пікірсайысшылар альянсының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Аспаннан үлкен – 2019» республикалық дебаттық турнирі өтті.
Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» пікірталас клубының 2011 жылдан бері оқушылар мен студенттер арасында турнирлер өткізетінін айтып, жастарды қолдауға арналған шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі күндік ашық пікірталас алаңында еілімздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Қостанай қалаларынан келген 44 команда өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты. Турнир финалында семейлік «Парасат» және қарағандылық «Линкольн» командалары өзара бақ сынасты. Жарыс нәтижесінде «Линкольн» командасы турнирдің жеңімпазы атанды.
Өмірбек Камен, «Линкольн» командасының мүшесі (Қарағанды қаласы):
– Турнир өте жоғарғы деңгейде өтті. Бұл біздің алғашқы кубогымыз! Қуанышымда шек жоқ. Ұйымдастырушылар мен төрешілерге екі күндік атмосфера үшін, жеңіс үшін шын жүректен алғысымды білдіремін!
Санжар Халилулаев, «Парасат» командасының мүшесі (Семей қаласы):
– Мен осы турнирді ұйымдастырушыларға «Парасат» клубы атынан ризашылығымызды білдіргім келеді. Қарарлар өте танымды болды. Турнирге қатысқанның арқасында көптеген жаңа достар тапқаныма өте қуаныштымын.


