Елбасы кітапханасында өткен «Болашаққа бастар жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренинг аясында Satbayev University мен SILKWAY халықаралық университетінің студенттері сәулетші, «Урбанистика орталығының» басшысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Асхат Сәдуовпен кездесті.
А.Сәдуовтің кәсіби жетістіктеріне бірқатар азаматтық және өнеркәсіптік жобалар, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі жобасына қатысу (тақырыптық павильондар мен қоғамдық кеңістікті толтыру), Нұр-Сұлтан қаласындағы жаяу жүрушілерге арналған танымал «Атырау көпірі» жобасы кіреді.
Тұжырымдамашы, креативші, урбанист, қала мәдениеті мен оның сәулеттік көрінісін дамыту бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтар топтамасының авторы Асхат Кеңесұлы кездесуге қатысушыларға «Нұр-Сұлтан – өмір сүруге жайлы қала» бас жоспары мен қоғамдық кеңістікті дамыту бағдарламасының тұсаукесерін ұсынды. Қонақ жастарға қалалардың кеңістіктік даму стратегиясының негізгі қырлары мен оның негізгі жүйелерінің өзара әрекеттесуі туралы көрнекі түрде слайдтардың көмегімен баяндап берді. Жастар урбанистика және қала өмірінің сапасын жақсартуға ықпал ететін шаралар туралы көптеген ақпарат алды.
- Қалалықтың қарапайым тұрғыннан айырмашылығы - қалалық өзі тұрып жатқан қала үшін уайымдайды, оған қаланың даму бағыты маңызды. Егер қала тұрғындары қажетті өзгерістерді дұрыс, конструктивті және ұйымшылдықпен дәлелдесе, билік оларды қолдайды. Белсенді қалалық сүйікті шаһарын көркейткісі келеді. Ол осынысымен басқа тұрғындардан ерекшеленеді, - деп атап өтті сөз сөйлеуші.
Алматы және Шымкент қалаларынан келген студенттердің көптеген сауалдарына жауап беру барысында А.Сәдуов өзінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы, елордамыздың 20 жылдық мерейтойына атыраулықтар тарту еткен «Атырау көпірі» жобасының тұжырымдамасы, заманауи қала құрылысының ерекшеліктері, қала дамуындағы қоғамдық көліктің рөлі және басқа да тақырыптар бойынша сөз қозғады.
Семинар қатысушылары кездесуге уақыт тауып, қызықты кездесу сыйлағаны үшін қонаққа алғыстарын білдірді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова А.Сәдуовке «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітапты естелік ретінде сыйға тартты.


