Елбасы кітапханасының архивистері кезекті ғылыми-іздестіру экспедициясынан олжалы оралды. Мамандар Алматы қаласының рухани ордаларында тарихи жәдігерлерді зерделеді және арнайы курста біліктілігін арттырды. 10 күндік тынымсыз жұмыстың арқасында 1300 беттен астам электрондық құжаттар, 110-нан астам газет қиындылары және 20 фото іріктелген. Тарихи материалдар тәуелсіздіктің іргетасын қалау жылдарынан сыр шертеді. Олар Қазақстанның өзге мемлекеттермен ықпалдастық орнатуға бағытталған алғашқы келіссөздердің, Мемлекет басшысының 1991-1993 жылдары қаржылық ахуалды жақсартуға бағытталған шешімдердің куәсіне айналған.
– ҚР Президентінің мұрағатынан, Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан мемлекет басшысының қайраткерлігіне және қызметіне байланысты материалдар алынды. Олар негізінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын қамтиды. Мәселен, алғашқы теңге айналымға түскенде тауардың бағасы қандай болғандығы жайлы газет қиындылары баяндайды. 25 жыл бұрын Алматы декларациясы қабылданған. ТМД құруға байланысты жүргізілген келіссөздердің бірегей құжаттарымен қамдандық. Елбасының жеке қорын толықтырған тың материалдар Кітапханада ұйымдастырылатын ауқымды 3 көрмеге ұсынылмақ: «Елбасы жолы», «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел», «ТМД: тарихы және бүгіні», - деп іздестіру жұмыстарының нәтижесін Елбасы Кітапханасы Мұрағат жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин тергіштеді.

Рухани ордалармен ықпалдастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Елбасының Қаскелеңдегі мектебіндегі, Қарасай ауданындағы музейлерге қойылған құжаттар зерделенді. Кітапхана мамандары бірегей материалдарды іздестірумен қатар кәсіби білімдерін шыңдады. Архивистер 4 күн бойы дәріс тыңдап, жұмысты жетілдірудің жолдарына қанықты. Оған «Мемлекеттік және ұйымдардың, мекемелердің, компаниялардың ведомстволық архивтерінің жеке қорлары» тақырыбы арқау етілген.
– Мұрағат жұмысы секторының аға сарапшылары Хамит Момынқұл, Әйгерім Төлекова және өзім арнайы курсты тыңдап, күнделікті қызметімізде кәдеге жарайтын ақпарат алдық. Әсіресе қордағы құжаттарды тіркеу бойынша толғандырған сауалдарымызға жауап алынды. Дәріс оқушылар Тұңғыш Президенттің жеке мұрағаты қалай қалыптастырылғанын баяндап, оның жүйелі жұмысына куә болдық. Бүгінде мұрағат саласында иек артылатын жаңа технологиялар өте көп. Олардың игілігінен сырт қалмауымыз қажет, - дейді Жангелді Біржанұлы.



