2015 жылдың 19 мамырында Елбасы кітапханасында доктор Тим Нафтали болды. Ол – америкалық белгілі тарихшы, бұрын Ричард Никсон атындағы президенттік кітапхана-музейді басқарған.
Кездесуге атқарушы директор Бейсембай Жұмабеков пен директордың орынбасары Тимур Шаймергенов қатысты. Кездесу АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени бөлімшесінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Тараптар президенттік кітапханалардың қоғамда атқаратын рөлі, саяси көшбасшылар мұрағаттарын сақтау мен олардың азаматтарға қолжетімділігін ұйымдастыру маңыздылығы, президенттік орталықтарды дамыту саласындағы заманауи үрдістер, мұражайлық технологиялар мен экспозицияларды қолдану саласындағы жаңашыл қадамдар туралы пікір алмасты.
Доктор Нафтали Р.Никсон атындағы президенттік кітапхана-музейдің қызметі жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар өзінің тарихи жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті, қазақстандық президенттік орталық жұмысын одан әрі дамыта түсу бағытында бірқатар кәсіби ұсыныстарын білдірді.
Әңгіме барысында мәртебелі мейман Қазақстан тарихын және елімізде тарихи ғылымның бүгінгі даму деңгейін білуге қызығушылық танытты.
Кездесу соңында тараптар президенттік кітапханаларды дамыту саласында алдағы уақытта да тәжірибе алмасып тұруға келісті.
Тим Нафтали – америкалық белгілі тарихшы. ІІ дүниежүзілік соғыс, «қырғиқабақ» соғыс, т.б. секілді тақырыптарды зерттеуші. Қазір – Нью-Йорк университетінің кітапханасы мен мұрағатының директоры. (Tamiment Library and Robert F. Wagner Archives). 2007-2011 жылдары Р.Никсон атындағы президенттік кітапхана-музейді басқарған (Richard Nixon Presidential Library and Museum). Йель және Гарвард университеттерінің түлегі. Тарихи тақырыптардағы, Дж.Кеннеди, Н.Хрущев, Ф.Кастро, Дж.Буш сынды әлемдік көшбасшыларға арналған ондаған кітаптың автор.
Р.Никсон атындағы президенттік кітапхана-музей – АҚШ-тағы 13 президенттік орталықтың бірі. Бұл кітапхана АҚШ-тың 37-президентінің қызметіне арналған. Орналасқан жері – Калифорния штатының Йорба-Линда қаласы. Кітапхана мұрағаттары зерттеушілер үшін қолжетімді. Онда Р.Никсон Президент болған кезеңге қатысты 46 миллион беттен тұратын ресми құжаттар мен жазбалар сақталған. Сондай-ақ оның Ақүйдегі президенттігінен тыс кездегі де бірқатар материалдар бар.