АЛТАЙ – ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ. БІШКЕКТЕГІ КЕЛЕЛІ ЖИЫН

19 - 23 тамыз аралығында Қырғызстанда Алтай халықтарының VIII Халықаралық симпозиумы өтті. Оған 15-тен астам мемлекеттің делегация өкілдері қатысты. Олар - Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Корея, Жапония, Қытай және басқа да елдерден келген ғалымдар. Қазақстан делегаттарының қатарында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев та болды. Ол форумда Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі атқа міну мәдениеті туралы баяндама жасады. 

Іс-шараға қатысушылар бес күн бойы Алтай халықтарының салт-дәстүрлері мен мәдениеті зерттеулеріндегі өзекті мәселелерді талқылады. Симпозиумның басты тақырыбы - Жануарлар жəне Алтай халықтарының мал шаруашылығы мәдениеті. Ежелгі түріктердің тұрмысы мен көшпелі бағыттары туралы көптеген қызықты деректер сөз болды. Ғазиз Телебаев баяндамасында Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен табылған, қазіргі уақытта күнделікті қолданылып жүрген терминдер тарихымен бөлісті.

- Қазіргі түркі тілдеріндегі жылқыға қатысты айтылған көптеген терминдер, мысалы, ат, жылқы, айғыр – бұлар батыс түрік және шығыс түрік қағанаттарымен байланысты. Түрлі мәнмәтінде әр түрлі анықтаулар қолданылған. Ат – әскери мағынада жеңіске жетудің шарты ретінде қаралса, жылқы – шаруашылық қызметті жүргізу үшін басты шарт болатын қозғалыс құралы, - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Телебаев.

Ежелгі Алтай өркениеті - Елбасы өз мақаласында белгілеген Ұлы даланың жеті қырларының бірі. «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды», - деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев. Тиісінше, алтай халықтарын біріктіретін симпозиумдар - түркі әлемінің одан әрі дамуына қажет дүние.

- Түпкі тамыры Алтайдан тарайтын түркі көшпенділерінің ұрпақтары біздер ғана емес. Симпозиумға қатысып, кең көлемді баяндамалар жасаған жапондықтар мен кәрістермен де түбіміз бір. Олар үшін Алтай – атамекен, - дейді Ғ.Телебаев. Оның айтуынша, болашақта мұндай форум Қазақстанда өтуі мүмкін. Сонымен қатар, болашақ форумға атамекені Алтай саналатын Америкадағы үндіс тайпасының өкілдерінің қатысуы заңды.