Еліміздің өткені, бүгіні мен келешегі. Дамудың даңғыл жолына Алматы қаласы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің және Ақтөбе қаласы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің Алматы және Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттері үңілді.
Кезекті екі күндік «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингте Елбасының тұжырымдамалық идеялары және жаһандық бастамалары, «Мәңгілік Ел» идеясы, «Қазақстан жолы» кеңінен талқыға салынды. Белсенділігімен көзге түскен тыңдаушылардың топтағы жұмысы, жаңашыл ұсыныстары мен көзқарастары тәнті етті.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаевтің пікірінше, аталмыш семинар-тренингтің негізіне айналған әдіс өте тиімді. Жастар дәрісте меңгерген білімдерін тренингтерде бекітеді.
– Өткен жылы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына бес институционалдық реформаны жүзеге арқау болды. Биылғы дәрістер маңыздылығы жоғары «Мәңгілік Ел», «Қазақстан жолы» тақырыптарының төңірегінде өтуде. Семинар-тренингті өткізудің ескі үлгісінен бас тартқан оқытушыларымыз студенттердің қызығушылығын оятып, оларды сұхбатқа тартады. Белсенді азаматтық ұстаным – мемлекет дамуына үлес қосу екенін ескерсек, жастар семинар-тренингте алған білім өмірде де пайдалана алады. Бірі мұқтаж жандарға көмектессе, екіншілері елдің спорттық өміріне атсалысады, енді біреулері жеке ғылыми әлеуетін дамытып, халықтың өмірін жақсартатын бағдарламаға бастамашыл бола алады, - дейді Ғазиз Тұрысбекұлы.
Семинар-тренингте түрлі олимпиадаларда топ жарған, конференцияларға қатысқан белсенділер тоғысты.
- Семинар-тренинг өте мазмұнды. Көп қажетті мәлімет алдым. Келешекте кәсіпкерлікте бағымды сынағым келеді. Спортпен шұғылданып, оның дамуына атсалысуды ұйғардым. Семинар-тренингтің арқасында арманымды айқындап, оны бағындырудың жолын түсіндім, - деп өзінің ойымен Алматы қаласы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Бекзат Баратов бөлісті.
– Елбасы Кітапханасына бірінші рет келіп, үлкен әсер алдық. Мұндай тағылымды іс-шараға қатысу мүмкіндігі үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Екі күннің ішінде Қазақстанның өзіндік даму жолын, «Мәңгілік Елге» жетудің жолын зерделедік. Қазіргі таңда әр мемлекет өзінің өркендеу бағытын дұрыс таңдап, болашаққа ұмтылуы тиіс. Ел жастары мемлекеттің саясатын, Елбасының тұжырымдамалық идеяларын терең түсінуі тиіс. Себебі күш-жігерімізді біріктіру арқылы биік белестерді бағындыра аламыз, - дейді Ақтөбе қаласы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің студенті Ғалия Жакова.
Студенттер дәрістер мен тренингтерге белсенділік танытып, интерактивті білім беру кешенінің мүмкіндіктерін саралады. Білмекке құштар жастарға Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков ақ жол тіледі. Семинарға қатысқан жастарға естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.







