2016 жылдың 18-19 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында семинар-тренинг өтті. Семинарға қатысушылар – оқу үздіктері, республикалық және аймақтық ғылыми жарыстар жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жалпы білім беру және мамандандырылған мектептердің қоғам белсенділері.
Талантты оқушылар дәріс және практикалық сабақтардың толық курсын өткеріп, Елбасы кітапханасының экспозиция залымен танысып, Астананың көрікті жерлерін аралады.
«Еуразия жүрегінде» интерактивті білім беру үстелі жанында практикалық тапсырмаларды орындаған жастар Қазақстанның астанасы туралы тарихи материалдар, фото және бейнеқұжаттарды терең зерделеді, елорданың қалыптасуы туралы тезистер жазды. Алматы облысы Текелі қаласының №4 мектебінің 9-сынып оқушысы Айкүн Ерназарова және Алматы облысы Ескелді ауданының Сырымбет ауылының Ж.Жақыпбай атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дамир Кәрімов Астана қаласының тарихы, елорданы Алматыдан Астанаға көшіру шешімі, Астананың Еуразия төсіндегі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа айналуы туралы мазмұнды әрі тұжырымды баяндама жасады.
[Best_Wordpress_Gallery id="15" gal_title="«Идеи, меняющие мир» 18-19.02.2016"]
Тараз қаласының «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Алмаз Мұрат:
- Астана – егеменді еліміздің жүрегі. Біздің астанамыз күн санап емес, сағат сайын өсіп келе жатқандай. Астананың өсіп-өркендеуіне біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев зор үлес қосты. Елбасының астанамызды Алматыдан Астана қаласына көшіру идеясы Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу стратегиялық мақсатына жетудің маңызды шарттарының бірі деп есептеймін. Бүгінде зәулім әрі әсем, заманауи әрі көрікті Астана қаласы арқылы Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Ел жастары Астана қаласы мен Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуы тиіс, – деді.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданынан келген 9-сынып оқушысы Ақнұр Сұранова Астананың болашағы туралы өз ойымен бөлісе келе: «Менің ойымша, болашақта Астана қаласы әлемдегі ең өркениетті мегаполистердің біріне айналады. Біздің Астанамызда пішіні мен мазмұны үйлесім тапқан және қайталанбас ғимараттар қаншама! Олардан биік жасампаздықтың рухын аңғарамыз» дейді.
Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Б.Қ. Жұмабеков семинар аяғында барлық қатысушыға сертификат пен «Біздің Президент» атты естелік кітабын табыс етті. Марапаттау рәсімінің құрметті мейманы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ж.Е. Ерғалиев болды. Құрметті мейман семинарға қатысқан жас өрендерді құттықтап, ағалық ізетін көрсетті. Сенатор Жабал Ерғалиев: «Сендер бақытты ұрпақсыңдар! Бүгінгі таңда біздің елімізде жастардың терең білім алуына, жан-жақты дамуына, шет тілдерін үйренуіне, жарқын болашағына құруына барлық мүмкіндіктер жасалған. Мұның бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты мен қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асты. Семинардан алған білім сендер үшін сарқылмас байлық болады деген ойдамын. Біз жастарға сенеміз. Сендер біздің болашағымызсыңдар. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашақ үшін білімді ұрпақ қажет» деді.