АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН: «ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ: МӘҢГІЛІК ЕЛ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ

13 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкерлері еліміздің алдыңғы қатарлы педагогикалық білім берудегі ірі жоғары оқу орындарының бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингін өткізді.

Бұл шара 10 қараша күні Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде ашылған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» кешенді көрме жобасын жүзеге асыруды жалғастырады. Жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылуда.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов семинарды ашқан алғы сөзінде: «Бүгінгі семинар-тренинг – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының білім жобасы, Мемлекет басшысының саяси және басқару тәжірибесінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында құрылған «Көшбасшы феномені» моделінің ажырамас бөлігі болып табылады. Осы курстың тренингтері мен семинарлары сын тұрғысынан ойлауға үйретіп, көшбасшылық дағдыларды дамытады. Жалпы жоба қазақстандық жастардың отансүйгіш сезімдерін оятып, азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жоба – жастардың қазақстандық бірегейлігін дамыту мен нығайтудың маңызды тетігі болмақ». Сондай-ақ, баяндамашы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» бірегей әрі ауқымды жобаны жүзеге асыру барысында Елбасы кітапханасының мақсаты, міндеті, жұмыс бағыттары туралы айта келіп, жақын арада Алматы қаласының жоғары оқу орындарында жоспарланған ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шараларымен таныстырды.

Университет ректоры, профессор Такир Балықбаев Елбасы кітапханасының қызметкерлері мен дәріскерлеріне семинар-тренинг үшін алғысын білдіріп, студенттер «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» жаһандық және өзекті тақырыпты зерттеу нәтижесімен таныстырған автордың дәрісін тыңдап, ерекше «алғашқы дереккөздерімен» танысу мүмкіндігіне ие болғандарын атап айтты.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынтай Бердағұлованың «Мәңгілік Ел» жолындағы тарих пен мұра», «Тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік», «Индустрияландыру және жалпы еңбек қоғамы», «Жалпыхалықтық бірлік, жалпы тарих және жоғары руханилық» тақырыбындағы мазмұнды дәрістері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова мен Күнзия Үмбетованың «Елбасы әлемі» тұжырымдамалық моделінің үш бөлімі: «Тұлға», «Саясаткер», «Жасампаз» (Мемлекет басшысының саяси философиясы)» тақырыбындағы тренингтері студенттердің қызығушылықтарын туғызды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Мемлекет басшысы туралы басылымдарының кітап көрмесі ұсынылды.