АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «НАЗАРБАЕВ МОДЕЛІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері өтті. Шара Елбасы кітапханасының Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасының аясында ұйымдастырылды. Кітаптың тұсаукесері атылмыш ғылыми конференция шеңберінде өтті.

Басылым алғаш рет былтыр Елбасы кітапханасында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қалың жұртшылық назарына ұсынылды. «Назарбаев моделі» кітабы – маңызды міндеттерінің бірі – бірегей мұрағат материалдарын жүйелеу және кеңінен ғылыми айналысқа енгізу деп танитын Елбасы кітапханасы және Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бірлескен баспа жобасы.

Басылым авторлары – Махмұд Қасымбеков, Бақытжан Темірболат, Тимур Шаймергенов тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстандағы мемлекеттік құрылысты басқару ісіне талдау жүргізуге қадам жасайды. Кітапта стратегиялық менеджмент және тәуекел бағамдары бойынша талдау және түсіндіру, шынайы деректер ұсынылған. Бұл – Қазақстанның жаңа тарихы туралы ерекше арнайы дайындалған инфографика және мәліметтерді кәсіби шолуға мүмкіндік беретін кеңейтілген ақпараттық материал.

Кітаптың тұсаукесерінде авторлардың бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты Тимур Шаймергенов сөз сөйледі:

– Президент көптеген шешімдерді өзі шығарып, қабылдағандықтан кітап «Назарбаев моделі» деп аталды. Елбасы барлық тарихи және саяси жауапкершіліктерді өзі көтерді. 1994–1995 дағдарыстың өршіп тұрған жылдарында ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмеді. Жоғары Кеңес көптеген реформаларды қабылдамады. Дәл осы тұста Президент заңды күші бар жарлықтарға өз бетінше қол қою шешімін қабылдады. Шынтуайтында, бүгінгі қолда бар дүние Елбасымыздың тұлғалық қасиетінің арқасында екені сөзсіз. Мысал келтірсем, 1998 жылы белгілі геостратег Збигнев Бжезинский өз кітабында Қазақстанның болашағы жоқ деп жазған. 2009 жылы Вашингтондағы кездесуде мен оған осы болжамы туралы айттым. Менімен әңгіме барысында қателігін мойындады. Ол: «Сіздерде күрмеулі мәселелер мен қауіптер өте көп болды, алайда мен Қазақстанның көреген, халқын ұйыта білетін, интеллектуалды және еңбек ресурстарын жеделдетіп, шешім қабылдай білетін көшбасшысының бар екенін ойламаппын. Саяси көшбасшының рөлі жайлы ескермедім», – деді. Жоғары деңгейлі шетелдік сарапшылар Президентіміздің тұлғалық рөлін мойындады, – деп сөзін сабақтады Т. Шаймергенов. – Кітап аналитикалық негізге құрылған, Қазақстанда мемлекеттік басқару, менеджмент арқылы қандай да бір идеологиялық астарсыз ақпарат беретін осындай басылымға ұқсас кітап жоқ. Басылымда мемлекетте қандай мәселелер болды, оны шешуде Мемлекет басшысы біздің ресурстарымыз бен мүмкіндіктерімізге пара-пар қандай шешімдер қабылдады, міне, осындай сұрақтарды қамтитын мемлекеттік басқару ісінің мәселелері қарастырылған, – деп түсіндірді спикер.

Сонымен қатар Тимур Төлегенұлы кішігірім тарихи экскурсия жасады:

– 90-жылдары бізде саяси институттар тұрақсыз, адам ресурстары шектеулі болды, яғни, кәсіби мамандар аз, көптеген адамдар кетіп жатты. Көзқарастардың басым бөлігі Қазақстанның болашағы жоқ екенін айтып, сарапшылар да сондай болжам жасады. Алайда жалғыз болашақ стратег және жақсы менеджер Мемлекет басшысы ғана дұрыс шешім тауып, шетелдіктерді Қазақстанға инвестор болуға көндіре білді. Мұнайға бай, керемет мұнайлы экономикалы елміз дейтін таптаурындар бар. Шындығында олай емес. Бізде бары-жоғы 2 % ғана әлемдік мұнай қоры бар. Дамудың барлық көрсеткіші бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы 50 елдерінің қатарындамыз. Венесуэла мен Нигерия сынды елдерде 10–12 % мұнай қоры болса да, даму деңгейлері 120 немесе одан әрі төмен орында. Мұнымен біз мұнай қорына қатысты қалыптасқан таптаурынды күйреттік десек болады, яғни мұнай қоры жетістіктің, тұрақтылықтың, гүлденудің кепілі бола алмайды. Мұнайдың аз қорын тиімді пайдалану үшін елге пайда келтіретіндей сату қажет, ол үшін – стратегия қажет, білім мен дағды болу керек. Назарбаев моделі аздаған мүмкіндікпен, тәуекелмен, біршама тұрақты, жетістікті мемлекет ретінде өзін ақтап шықты. Біршама дейтініміз, қашанда одан да табысты мысалдар бар. Біз 90-жылдардағы тарихи бастауымыздан қол үземіз. Одан бері көптеген жетістіктерге жеттік және де алға ілгерілеуімізді жалғастырамыз.

– Бүгінгі Қазақстанның жетістіктері мен табыстары Мемлекет басшысының идеялары және ұстанымдарымен тығыз байланысты. Бұл сыртқы және ішкі саясатқа, экономика мен қауіпсіздікке де қатысты. «Назарбаев моделі» кітабы осы ұстанымдар туралы заманауи тілде баяндайды. Аталмыш басылымда Назарбаев моделінің маңызды ұстанымдары талданып, жүйеленді. Кітаптың басты ерекшелігі дәстүрлі еместігінде. Ол Батыста кең тараған кейс әдісіне негізделген, яғни Қазақстанның саяси тәжірибесінен нақты мысалдар арқылы Президенттің қабылдаған саяси шешімдерінің үдерісін түсіндіреміз. Елбасының өзі кейбір тарауларын түзетіп, өзгертулер енгізіп, кітаппен толық танысқан. Отанымыздың болашағын қолына алып, жауапты болатын жастарға ерекше қызықты болады деп ойлаймын. Кітап мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазір ағылшын тіліне аударылып жатыр, – деп хабарлады Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты, кітап авторларының бірі Бақытжан Темірболат.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов кітап туралы өз ойын білдірді:

– Кітапта Қазақстанның халықаралық ұйымдарда, ядролық қаруды таратпау қозғалысы бойынша қызметі, мемлекет тарапының бастамалары, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа түрлері және шиеленістерді реттеудегі белсенді рөлі жайлы баяндалған. Кітаптың мәні мен ғылыми құндылығы мемлекеттік басқарудың тәжірибесі мен әдістемесін біріктірген және жүйеленген терең талдау жасалған. Назарбаев моделі құрылымдылық жағынан сыртқы және ішкі саясаттың алуандығын көрсетеді. «Назарбаев моделі» кітабы Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуын түсінуге маңызды құрал болатынына сенімім мол.

Білім ордасының басшысы кітап авторларына алғысын білдіріп, кейс түрінде ұсынылған кітап мазмұны білім үдерісінде дайын оқу құралы болатынын айтып өтті.