АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН СЕМИНАРДА ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ ЖАЙЛЫ БАЯНДАДЫ

10 қарашада «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасының салтанатты ашылуынан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының қоғамдық пәндер мұғалімдері мен музей қызметкерлеріне арналған «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жұмыс тәжірибесінен) семинары өтті.

Семинарда музей педагогикасы қызметінің, жобалық жұмыстарының және қазақстандық рухани жаңғыру тұрғысында білім беру және мәдени-ағартушылық мекемелерінің өзара тығыз байланысының өзекті мәселелері қарастырылды.

Шараның модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова семинарға қатысушыларды Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру қызметінде қолданылып жүрген инновациялық жұмыс түрлерімен таныстырды:

– Музей педагогикасы бағытындағы Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі жұмыстары – ғылыми-ағартушылық жұмыстар екені белгілі. Біз ғылыми бағдарламалар аясында оқу-ағарту ісіне ғылыми-зерттеу еңбектерін енгізген алғашқылардың бірі болдық. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті. Мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» ғылыми бағдарламасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мысалында «Лидерлік қасиеттер мен тұлғаның кәсібилігін қалыптастырудағы әлеуметтік институттардың рөлі» ғылыми жобасын біріктірді.

2011 жылы біз өзіміздің «Лидерлік қасиеттерді қалыптастырудағы жанұя, мектеп, музей, қоғам және өзге әлеуметтік, мәдени мекемелер» музей білім беру жобасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауына ұсындық, – деді өз баяндамасында Ботагөз Қайыпова.

Келесі А. Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі» тақырыбында баяндамасын оқыды.

Баяндамашы қазіргі жастар үшін өз халқының тарихын білу, ХХ ғасырдың басындағы қоғам қайраткері, «Алаш Орданың» көшбасшысы, республикадағы тұңғыш шыншыл басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының ел азаттығы үшін күресіп, Қазақстанның тәуелсіздігі жолында қандай құрбандыққа барғаны туралы түсіну қаншалықты маңызды екеніне тыңдаушылардың назарын аударды. Сондай-ақ, баяндамашы қазақ халқының саяси қайраткерлерінің ғылыми мұрасын заманауи үлгіде сақтау, зерттеу және насихаттауда мемлекеттік қолдаудың маңызды екенін атап өтті. Сөзінің соңында Елбасы кітапханасына «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі: құрылуы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі» атты кітабын тарту етті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Қайыркен Құнапина «Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың еңбектерін орта мектепте пайдаланудың тәрбиелік мәні» баяндамасын оқыды.

– Ең алдымен, Елбасы кітапханасына әріптестерімнің, алматылықтардың атынан өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған осындай ауқымды жобаны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Сіздермен ортақ істі жүзеге асырып отырғанымыз білім саласының педагогтары үшін өте маңызды, – деді Қайыркен Құнапина.

Ол Президенттің еліміздегі басты әлеуметтік және экономикалық шешімдерден соң осы салаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізудегі даналығы мен көрегендігін атап өтіп, қоғамдағы рухани дамуға назар аударды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Мәдени-білім жұмысы орталығының басшысы Анна Кущенко, «Қазақстан тарихы» республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журналының бас редакторы Тамара Әзімханова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейінің бас маманы Ардақ Жабықпаева, жалпы білім беретін № 32 мектептің тарих мұғалімі Зухра Бердіғожина өз баяндамаларын оқыды. Семинар қатысушыларын «Елбасытану» элективті курсымен және ғылыми-білім беру қызметінің басты бағыттарымен Елбасы кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері Ләйла Омарова мен Әсия Оспанова таныстырды.

Семинардың қолданбалы бөлімі 11 қарашада сағат 15.00-де Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғасады.