АЛҒЫС КҮНІНДЕГІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ

1 наурыз күні Елбасы кітапханасында Алғыс айту күніне орай мәнді кездесу өтті. Оның негізгі қонағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Анатолий Башмаков болды. Мейманмен кездесуге «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің қатысушылары, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушылары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Басқару колледжінің (Астана қ.) студенттері келді.

Кездесу шарасын ашу барысында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушылармен сәлемдесіп, айтулы мерекенің тарихына көз жүгіртті:

– Бүгінгі күн – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы атаулы күн! Өздеріңіз білесіздер, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтарда қол қойған №173 Жарлығына сәйкес, 2016 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл мереке Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін, құрметі мен ынтымағын бейнелейді. Сол себепті де оның Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Бүгінде Алғыс айту күні тағдыр тәлкегімен елімізге жер аударған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірге тойлайтын сүйікті мерекесіне айналып отыр. Себебі, қиын-қыстау кезеңде басқа түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтерген қазақ халқына олардың ризашылығы шексіз. Биыл, қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық еткен Елбасы ядролық қаруды таратпауға қатысты бастамасын алға тарта отырып, еліміздің 26 жыл бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүру қағидасын ұстанатынын айтты. Осы орайда сіздерді тыныштық пен үндестіктің жарқын көрінісіне айналған Алғыс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі берік, келешегіміз кемел болсын! – деп сөзін құттықтаумен түйген Ботагөз Мұттахиденқызы сөз кезегін Анатолий Башмаковқа берді.

– Сөзімді бастамастан бұрын, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген мейрам күні сіздермен Назарбаев орталығында кездесіп жатқаныма қуанышты екенімді айтқым келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 жылдығында біз Алғыс айту күнін үшінші рет тойлап жатырмыз. Алғаш рет Алғыс айту күнін Елбасы отандастармен дәл осы зәулім сарайда атап өткен болатын. Қең-байтақ қазақ даласы 130-дан астам этнос өкілдерін құшағына басып, жаңа Отан сыйлады. Осындай тарихи оқиғамен байланысқан Алғыс айту күні тек біздің елде ғана бар. Сол себепті, сіздерді еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған киелі мерекемен құттықтаймын! – деді Анатолий Башмаков.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов сыйлы қонаққа мазмұнды сұхбаты үшін ризашылығын білдіріп, кездесу нәтижелерінің қорытындысын шығарды. Ол айтулы мереке маңыздылығын белгілеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған этносаралық келісім қазақстандық моделінің ерекшелігін атап өтті.

Кездесу соңында Әмірхан Мұратбекұлы «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің тыңдаушыларына оқу курсының тәмамдалғанын растайтын сертификаттар мен естелік сыйлықтар тарту етті. Оларды табыстау барысында арнайы сыйлықпен әлеуметтік желідегі үздік постқа жарияланған конкурстың жеңімпазы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Дания Ордабаева марапатталды.