Алғыс күні тарихқа тағзым етілді

2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынған болатын. «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн  1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», - деді Елбасы.

  Тамыры терең мереке қазақстандықтардың жүрегінен бірден орын тапты. 1 наурыз күні көптеген этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақ халқының қонақжайлылығы мен даналығы ой елегінен өткізіледі. Столыпин реформаларының тұсында  Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссия елдерінен 1 миллионнан астам адам жер аударылған.

  Жәдігерлер еліміздің кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шертеді. Алғыс күні тарихқа тағзым етуге ниет білдіргендер Елбасы кітапханасы ат басын бұрды. 180-ге жуық келуші үшін мазмұнды экскурсиялар ұйымдастырылды. Олардың арасында Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің, Құқық қорғау органдарының, «Мұнай және газ, ақпараттық-талдау орталығы» АҚ, «Инженерлік-техникалық орталығы» АҚ, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» АҚФ өкілдері, Атырау мен Жамбыл облыстарының оқушылары бар. Еліміздің тұрғындарымен қатар шетелдіктер де құнды құжаттарға көз жүгіртті. 

– Мені Елбасы Кітапханасы тәнті етті. Сәулет өнерінің жаңа үлгісімен салынған ғимаратты көрген кез келген қазақстандықтың  кеудесін мақтаныш, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдері кернейтіні анық. Бірегей кешенде ұсынылған мәліметтер арқылы Қазақстанның тарихымен тереңірек таныстық, - деп өзінің әсерімен Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия бөлімінің жетекшісі Гүлназ Исаева.

  Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген меймандар және БҰҰ өкілдері «Елбасы жолы», «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел», «Әлем қадірлеген Елбасы», «Н.Ә. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «Елбасына естелікке қолтаңба», «Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» көрмелерімен танысты. "Алғыс айту күні келушілердің қарасы көбейді. Олар бір-біріне ілтипат көрсетіп, бізге де ризашылығын білдірді. Меніңше, бұл – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың бір белгісі. Біз келушілерге тәуелсіз еліміздің тарихын баяндап, екінші жыл қатарынан атап өтілген елеулі мерекенің маңыздылығына тоқталдық" - деп атап өтті Экскурсия қызметінің аға сарапшысы Динара Жайсенбаева.

  Келушілер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары наградалары көрмесіне асқан қызығушылық танытты.  

  – Елбасы кітапханасының архиві, цифрланған құжаттары, кітаптары келушілердің көзін қызықтырады. Осы тұста ел дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор екендігін айтпай кетуге болмайды. Президенттеріңіз мың жылдан кейін ел мен әлемде орын алатын оқиғаларды алдын ала болжай біледі. Көршілік қарым-қатынастарымыз республикаларымыздың игілігі үшін өрби түсетініне біз сенеміз, - деп пікірімен Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңес аппаратының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бөлімінің сарапшысы Құсқақбаев Бақтияр бөлісті.

  – Елбасы кітапханасының сәулеті мен құрылысына өте тәнті болдым. Ғимараттың аспанға зер салған көз қарашығын бейнелейтіні мені таң қалдырды. Оның қайталанбас келбеті бүгінгі Қазақстанның өміршең қуатын білдіретіні рас. Қабаттарға көтерілген сайын Қазақстан Республикасының тарихымен де таныстық. Қысқа уақыт ішінде елді әлемдік деңгейге көтере білген Президенттің ерең еңбегінің нәтижесі әсер қалдырды, - дейді «Engility Corporation» реттеуші қызметінің Косоводағы ұлттық кеңесшісі Майк Пеннек.

  Көктемнің алғашқы күнінде Кітапханаға мерекелік көңіл-күймен келген қонақтар танымдық экскурсиялар үшін қызметкерлерге алғысын білдірді.