АЛЬБЕРТ РАУДЫҢ ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ: «БАСТЫСЫ МАНСАПҚА ЖЕТУ ЕМЕС, КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ АРТТЫРУ»

25 наурыз күні Елбасы кітапханасында Астана қ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раумен кездесті.

Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков кездесуге қатысушыларға құрметті мейманды таныстыра келе аталған шараның өткен жылы басталған «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

0U3A3353

 

Бұған дейін Альберт Рау Елбасы кітапханасында бірнеше мәрте болғанын айта келе: «Бұл жерге ерекше сезіммен кіресін, себебі атақты есіммен аталған мекеме ақыл-ой, тарих пен мәдениеттің ерекше орталығы».

Құрметті қонақ Тұңғыш Президент кітапханасына өзі жазған кітапты сыйлады. Кездесу барысында автор «События и факты в газетных вырезках: 1985-2015 годы» жинағы туралы әңгімелеп берді. Аталған жинаққа Альберт Раудың 30 жылдық еңбек және қоғамдық қызметі туралы мақалалар мен жазбалар енген. Сондай-ақ бұл кітапқа баспасөз мақалалары ғана емес, нақты проблемалар мен сәтсіздіктер туралы да сыни мақалалар енген. Бұл мақалаларда Альберт Рау өмірінің әртүрлі кезеңдері қамтылып, сындарлы және күрделі жылдар туралы баяндалған.  

Альберт Рау өзін бақытты адам деп санайды, себебі ол «бейбітшілік, жасампаздық пен бірлігі жарасқан Қазақстанда тұрып жатырмын» дейді. Ол өмір жолында ұстанымдары мен саяси көзқарасының қалыптасуында Елбасының мол әсері болғанын мақтанышпен айтады.

0U3A3374

 

Оқушы жастардың сұрақтарына жауап берген мейман өзінің табыс формуласы туралы да айтты. «Табыс – мансапты армандау емес. Көлденең карьера деген түсінік бар, бұл сенің жұмыс істейтін жерің, міне осы жерде өз біліктілігіңді арттыр, өз құзыреттілігіңді өсір. Лауазым одан кейін өзі-ақ саған келеді», - деді.  

Автормен сұхбаттасқан жастар кітаптың мазмұны мен мақсаты, мансаптық өсім, ЭКСПО-2017 ұйымдастыру туралы сұрақтар қойды. Ең қызықты сауал қойған Астана қ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Гүлдана Мұстафинаға Альберт Рау естелік қолтаңбасы жазылған кітабын сыйға тартты.

0U3A3393