Бүгін Елбасы кітапханасының қызметкерлері Астана қаласындағы № 60 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен өткен «Алаш идеясынан «Рухани жаңғыруға» дейін» ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.
Шара қазақстандық патриотизмге, Отан тарихы мен өткеннің құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткізілді.

Конференцияны ашқан модератор – тарих пәнінің мұғалімі, №60 мектеп-лицейі музейінің жетекшісі, Елбасы кітапханасы жанындағы педагогтер кеңесінің мүшесі Алтыншаш Хамитова аталған шараның міндеті Алаш қозғалысының идеялық көсемдері туралы естеліктерді сақтау екеніне тоқталды.
– Елбасымыз өзінің Жолдауында қазақстандықтар үшін отбасы, мәдениет, дәстүр және бәрінен бұрын тарих үнемі алғашқы орында тұратынын атап айтты. Алаш автономиясының көсемдері біздің жас мемлекетіміздің тәуелсіздік жаршысы болды. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау аясында мектеп музейінде Алаш үкіметінің көсемдеріне арналған жаңа бөлім ашылды. Сонымен қатар, мектепте аталған бағдарламаны іске асыруда лидерлер мен Алаш қозғалысының ізбасарларына «Жаңа ұрпақ» атауымен «Шағын академия» ашылды – деп хабарлады Алтыншаш Сәткенқызы.
Білім ордасының директоры Айман Дүйсенова Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры – Дихан Қамзабекұлын, ҚР Ұлттық архив директоры – Жангелді Махашевті, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары – Амангелді Қашқымбаевті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтанхан Аққұлұлын, сондай-ақ Қайырбек Кемеңгер, Жамбыл Кәмел, Алимагүл Кәмел, Светлана Таныбекова секілді белгілі алашордашылардың ұрпақтарын конференция қатысушыларын таныстырды.

– Алаш қозғалысының көсемдері көтерген тәуелсіздік, еркін мемлекет, демократиялық даму идеялары өзінің өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі Қазақстан осы бағытта дамып келеді. Біздің әрқайсымыз сол идеяларды жете түсініп, жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуымыз керек, – деді Жангелді Махашев.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова өз баяндамасында № 60 мектеп-лицейінің педагогтері мен оқушыларына конференцияны ұйымдастырғандарына алғысын білдіріп, оның өзектілігін атап өтіп:

– Алаш көсемдерінің саяси, философиялық және шығармашылық мұралары – Қазақстан Республикасын әлемге танытқан мемлекеттілік теориясының маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысы алғашқылардың бірі болып Алаш көсемдерінің білімі мен теориясының тұжырымдамалық негізін қайта дамыту мәселелерін өзекті етті. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап айтқан бұл құнды мұраны көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді өз баяндамасында.
Тарихты зерттеп жүрген Дихан Қамзабекұлының сөзіне сүйенсек, Алаш ар-ождан, парыз, намыс, абырой, ұлттық сана-сезім ұғымдарымен тығыз байланысты екенін айтады.

– Алаш – біздің мақтан тұтатын қайнар көздеріміз. Алашордашылар қазақ халқының зиялы қауымының рухани және адамгершілік ұстанымдарының негізін қалады. Олардың өмір салты өз халқын ағартуға деген ұмтылысқа, жаңа өмірге жетелейтін құлшынысқа толы болды. Ұлт зиялыларының әрбір сөздері мен істері, өмірлік өнегелері келер ұрпаққа арналды – деп сөзін түйіндеген Д. Қамзабекұлы конференцияның жас тыңдаушыларын алдарына биік мақсаттар қойып, Алаш көсемдерінің жоғары мұраттарына ұмтылуға шақырды.
Сондай-ақ баяндамашылардың қатарында Елбасы кітапханасы Музейінің Білім беру бағдарламасы аясында өздерінің ғылыми жобаларын ұсынған № 60 мектеп-лицейінің тоғызыншы сыныптарының оқушылары да болды.