Ақтөбе қаласында өткен жылдың қараша айында ашылған Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі өз жұмысын аяқтады.
Үш ай ішінде Елбасының өмірі мен қызметінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді 120 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Көрме жұмысының аяқталуына байланыста 18 қаңтар күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде салтанатты шара өтті.
Іс-шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы кітапханасының басшылығына өңір жұртшылығы атынан алғыс айтты.

«Әр азамат өз мемлекетінің құрылу тарихы мен даму кезеңдерін, халқының бастан кешкен қиындықтарын білуі тиіс. Оның ішінде еліміздің тарихы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуымыз керек. Үш айдың ішінде 120 мыңнан астам келушіні жинаған көрменің арқасында Ақтөбе жастары тың деректерге қол жеткізіп, ақпарат қорын толықтырды. Мемлекет басшысының өмірі мен қызмет жолынан олардың үлгі-өнеге алатынына және оның болашақ өмірлерінде жол бастаушы жұлдыз болатынына сенімдімін. Өркениетті елдермен тереземіздің теңесуіне сарабдал саясаты арқау болған Елбасымызбен, мемлекетімізбен мақтануымыз керек», - деді ол.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күлайша Ақтаеваның айтуынша, Ақтөбеде өткен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі алдағы уақытта Қызылорда, Жамбыл облыстарына жол тартпақ. Демек, әрбір өңір саяси, мәдени, әлеуметтік маңызы зор аталған жобаны жүзеге асырып, жергілікті тұрғындардың Елбасымыздың жолы арқылы тәуелсіз Қазақстанның тарихымен танысуына өз үлестерін қосады.

«Жұртшылықтың көрмеге деген қызығушылығы өте жоғары. Көшпелі жоба аясында халық назарына ұсынылған тың жәдігерлерді көру мүмкіндігі елорда тұрғындарының өзіне күнде беріле бермейді. Осы жәдігерлердің басым бөлігі - түпнұсқалық жәдігерлер. Тақырыптық экскурсиялардың тереңдігі - білім беру бағдарламаларының тақырыптарымен бірдей. Екі жағдайда да кейінгі буын ел тәуелсіздігінің тарихы мен Елбасының өмірбаяны туралы толыққанды ақпарат алады. Аталмыш жоба аясында жергілікті мәдениет, білім беру саласы мекемелерімен серіктестік байланыс орнатылды. Әріптестерімізге экспозициялық материалдарды таныстыру барысында қолданылатын заманауи әдістемелер мен технологиялар көрсетілді. Осы айтылғандар, жоба аясында аса маңызды білім беру міндеті орындалды деуге толық негіз болады», - деді К.Ақтаева.

Төрт бөлімнен тұратын көрмеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының архивтік, кітапханалық, музейлік қорларындағы мыңдаған жәдігерлер, құжаттар, фото-, бейнематериалдар ұсынылған болатын.
«Елбасының жолы» бөлімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаянына шолу жасайды.
«Елбасы феномені» бөлімі Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихын баяндайды.

«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Президентіміз айқындап, сәтті жүзеге асырылған еліміздің серпінді сыртқы саясаты көрсетілді.
«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының жаһандық үдерістер тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін Елбасына табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған.
Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан бөлек «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір жәдігердің тарихы» атты тақырыптық экскурсиялар да ұйымдастырылған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, қорлық көрме «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты Елбасы кітапханасы көшпелі көрмесінің басты оқиғасы болып табылды. Аталмыш жоба аясында Ақтөбе облысында ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағарту шаралары мен көшпелі экскурсиялар өткізілді.

Жоба жұмысын көктемнің алғашқы айында Қызылорда облысында жалғастыру жоспарланған.