2018 жылғы 14 қараша күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратында «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков және Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қала жұртшылығы, студент жастар қатысты.

- Құрметті қауым! Сіздермен қасиетті Ақтөбе жерінде Елбасы музейінің көшпелі көрмесінің ашылу салтанатында жүздесіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл көрме осыған дейін тәуелсіздігіміздің тал бесігі атанған Алматыда, оңтүстік өңіріміздің орталығы Шымкентте, ырысты да берекелі Атырауда өткен болатын. Көрмеге сол облыстардың 350 мыңға тарта адамдары қатысып, тамашалаған болатын. Енді міне бүгін, сол көрмені барынша толықтырып, Сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Бұл көрменің осында келуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ықпалы өте зор болды. Ол кісі бізге арнайы тапсырма берді. Елбасы: «Ақтөбе жұртына, Ақтөбе еліне Атыраудан қайтқан сапарда көрмені алып барыңдар. Жақында мен Ақтөбеде болдым. Облыста үлкен оң өзгерістер болып жатыр екен», - деп айтқан болатын. Елбасының музейі ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі деп айтуға болады. Себебі, Елбасын, Қазақстанды, тәуелсіздігімізді, Астананы бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын Сіздер өте жақсы білесіздер. Біз бүгінгі көрмеге 1000-нан аса әртүрлі экспонаттарды, жәдігерлерді, құнды құжаттарды, фото-, бейне- материалдарды алып келдік. Олар ел тәуелсіздігінің 27 жылында жүріп өткен даңқты жолдарды паш етіп тұрғандай. Сондай-ақ, біз Елбасымызға тапсырылған 50-ге тарта шет мемлекеттердің ең жоғары мемлекеттік наградаларының түпнұсқаларын алып келіп отырмыз. Осы жылдары Елбасымызға әлем жұртшылығы, шетел басшылары мыңдаған өте құнды кәдесыйлар тарту еткен болатын, солардың да біразын алып келіп отырмыз. Әрине, бұл наградалар, бұл кәдесыйлар тек Елбасымыздың біздің елімізге, халықаралық саясатқа қосқан үлкен еңбегін бағалап қою ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақстандықтарға, елімізге, ынтымағымызға деген зор құрметтің белгісі екені сөзсіз. Бұл көрмені Ақтөбе қаласының тұрғындары ғана емес облыс жұртшылығы, Ақтөбеге келген қонақтар да тамашалайтын болады. Көрме аясында түрлі семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, түрлі кездесулер өткізілетін болады. Ақтөбе маңындағы аудандарға көшпелі көрмені алып бару да жоспарланған. Бұл Ақтөбе жұртшылығы үшін үлкен рухани және мәдени елеулі оқиға болады деп сенеміз. Сондай-ақ Сіздерді кешке өтетін 130 өнер адамынан тұратын Президенттік оркестрдің үлкен концертіне шақырамыз. Мұның барлығы - бүгін ашылғалы отырған көрменің аясында өткізілетін шаралар. Көрмені ашық деп жариялаймын. Көрме жұмысына табыс тілеймін, - деді Махмұд Базарқұлұлы көрменің ашылу салтанатында.
- Қадірлі Махмұд Базарқұлұлы! Қадірлі жерлестер! Осыдан 27 жыл бұрын бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Өңіміз түгіл түсімізге де кірмеген арманымыз: қазақ тілі Біріккен Ұлттар Ұйымы Ассамблеясының сессиясында айтылды. Сарыарқаның төрінде, ешкім сенгісіз Қазақстанның тұңғыш астанасы салынды. Астанада бір-бірімен жау, бір-бірімен сөйлеспейтін діни ұйымдардың лидерлері кездесті. Осының барлығы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы. Халқымызда «Тұлғалар ғасырлар тоғысында өмірге келеді», - деген дана сөз бар. Дәл сондай тұлға – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Егер өткенге көз жүгіртсек, осы 27 жыл ішінде халқымыздың тұрмысы, жағдайы жақсарды, ұлтымызды, мемлекетімізді әлем таныды. Осының бәрі – Елбасымыз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясаттың нәтижесі. Бұл - үлкен тарих, бұл - үлкен дәуір. Тұлғалар қоғам үшін, болашақ үшін еңбек етеді. Сондықтан, осы тарихты әсіресе жастар, келешек ұрпақ білулері тиіс, оның бәрі қалай келгенін, қалай болғанын, тәуелсіздік алған тұста еліміздің болашағына сенбегендердің болжамы орындалмай, керісінше 27 жылда еліміз дамыған елдер қатарына қосылғанын білулері керек. Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесін тек Ақтөбе қаласының тұрғындары емес, шалғайдағы аудандар тұрғындары да көретін болады. Құрметті тұрғындар! Мен Сіздердің аттарыңыздан мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекет басшысының сенімді серіктерінің бірі Махмұд Базарқұлұлына көшпелі көрме үшін, маңызды шараға қатысқаны үшін алғысымды білдіремін! Бүгінгі тағы бір қуанышымыз, жаңалығымыз - Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының ашылуы, - деді облыс әкім Бердібек Машбекұлы.

Көрменің негізгі мақсаты – кітапхана жинақтары негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.
Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылатын болады. Алғаш рет Ақтөбе жұртшылығына Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар Н.Ә.Назарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылады.
Көрме төрт бөлімнен тұрады:
1. Елбасы жолы.
2. Елбасы феномені.
3. Әлем таныған Елбасы.
4. Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі.
«Елбасы жолы» тарауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір кезеңдерін баяндайды. Елбасының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы еліміздің тәуелсіздігінің негізгі бағыттарын айқындаған басты тарихи таңдауы болды.
«Елбасы феномені» атаруы Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.
«Әлем таныған Елбасы» тарауында Қазақстан Республикасының серпінді сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі.
Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді.
«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тарауында Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін табыс етілген Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары ұсынылған.
Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір жәдігердің тарихы» атты тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі. Экскурсиялар барлық санаттағы келушілерге арналған: балалардан ересектерге дейін.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2019 жылғы қаңтар айының соңына дейін жалғасады