АҚТӨБЕДЕ «МУЗЕЙ САЛАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

2018 жылғы 17 қарашада Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» АЖ үшін есеп пен сақтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Музей қызметіндегі ақпараттық технологиялардың дамуы мен өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік семинарға Ақтөбе облысы музей мекемелерінің өкілдері, кітапхана және архив қызметкерлері, оқытушылар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Іс-шараның модераторы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева сөз сөйлеп, музей саласындағы ақпараттандыру мәселесіне тоқталды.

–Елбасы кітапханасы кешенді мекеме болғандықтан, ресурстары өте бай. Біз әрбір өңірге келген кезде жергілікті музей қызметкерлерімен кәсіби түрде сұхбаттасып, пікір алмасу үшін осындай ашық кеңістіктің жақсы үлгілерін көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік семинарда Елбасы кітапханасының қызметкерлері сіздерге музей саласындағы ақпараттандыру жүйесінің қыр-сырын баяндайтын болады, - деді Күлайша Қабдуалиқызы.

Басқосуда Елбасы кітапханасының сарапшылары Ғ.Серікбаева мен А.Дөненбаева, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ә.Қыдыралина, «TORUS.KZ» техникалық директоры Д.Ғабдуллаев баяндама жасады.

 

Ғылыми-тәжірибелік семинар барысында музей қызметіндегі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Елбасы кітапханасындағы музей қызметінің нақты қолданбалы мысалынан қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын, Н.Ә.Назарбаевтың лидерлік феноменін зерттеу бойынша ғылыми-теориялық және практикалық ізденістердің жинақталған тәжірибелерін ұсынды. Сондай-ақ, Елбасы кітапханасының қызметкерлері Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың мұрасын шұғыл зерттеу мақсатында электрондық мәліметтер қорын қалыптастыру қызметінің нәтижелерін көрсетті. Семинарға қатысушылар Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бойынша «Музей» автоматтандырылған жүйесін жетілдіру аясындағы зерттеу және тәжірибелік жұмыстарының қорытындысымен танысты.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.