АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КІТАПХАНА, МҰРАҒАТ, МУЗЕЙ САЛАЛАРЫНЫҢ МАМАНДАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРЫМЕН ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

2018 жылғы 14 қарашада С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Елбасы кітапханасының қызметкерлері кітапхана, мұрағат, музей салаларының мамандары үшін «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты өңірлік кәсіби сессиясын өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – мәдени мұраларымызды қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері тұрғысында зерттеу, насихаттау бойынша тәжірибе алмасу және кітапхана, архив, музей қызметтеріндегі ақпараттық технологиялардың дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылау.

Сессия модераторы Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов сессия қатысушыларын Елбасы кітапханасының қызметімен жан-жақты таныстырды.  

- Экспозициялық-көрме жұмысының барлық түрлері жүйелі, нақтырақ айтсақ, жоба негізінде жүргізіліп отырады. Екі ғимаратта әрдайым жаңартылып және толықтырылып тұратын 40-қа жуық тұрақты экспозиция бар. Елбасы кітапханасы түрлі деңгейдегі алаңдарда – елімізде және шетелдерде 7 жоба бойынша көрмелер өткізіп келеді: «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам», «Тарихи таңдау», «Ұлттық құндылық», «Музей жинағы», «Мәдениет арқылы үнқатысу», «Үкілі үміт», «Балалық шақтан көзқарас». Жоғары деңгейдегі шетелдік делегациялармен кездесу барысында және көшпелі экскурсиялар аясында тақырыптық көрмелерді жедел түрде ашып көрсетуге де дайын екенімізді баса айтқым келеді, - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Сессия «Музей» автоматтандырылған жүйесінің деректері негізінде музей қорының ғылыми зерттеулерін ұсынған слайд көрсетілімдерімен «ашық кеңістік» форматында өтті. Елбасы кітапханасы қызметкерлері жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындыларымен Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Айдын Дөненбаева, Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің аға сарапшысы Гүлнар Әбдібекова және Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы Бибігүл Бекенбаева таныстырды.

Шараны қорытындылаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева музей, кітапхана және архив жүмыстарын ақпараттандыру -аталған мемкемелердің қызметін жетілдіретінін және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ол сессия қатысушыларын 17 қараша күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратында  Елбасы Кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы аясында  өтетін «Музей саласындағы ақпараттандыру» атты ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысуға шақырды. Аталған семинарда «Музей» есеп пен сақтау бойынша автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу күтілуде.