16-17 ақпан күндері ұйымдастырылған Елбасы кітапханасының «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің үздік студенттері қатысты.
Екікүндік семинар бағдарламасы шеңберінде студент жастар Ұлт жоспары бағдарламасын жан-жақты түсіндіруге бағытталған дәрістер кешенін тыңдап, тақырыптық үстелдер жанында практикалық тапсырмаларды орындады, эсселер жазды, пікір-таластарға қатысты, сондай-ақ Астананың көрікті жерлерін аралады, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және «Астана Опера» театрына экскурсия жасады.
«Қазақстан патриоты» атты интерактивті үстел жанында өткен практикалық сабақта М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Ұлдана Дүйсебаева, Карина Айтмағамбетова, Ұлжалғас Топбасы және Айнар Сәбитова патриот азамат қандай болуы керек деген сауалға «патриот» ұғымының өте терең, нағыз патриот азамат бойында мынадай қасиеттер болуы керек: өз Отанын сүю, еліне адал қызмет ету, Отанын қорғау, Ата Заңды жақсы білу, ана тілін құрметтеу, ұлттық әдет-ғұрып пен дәстүрді сақтау, толеранттылық, намысшылдық және өз мемлекетін мақтан ету», - деді, өз ойларымен бөліскен студент жастар.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих мамандығының 2 курс студенті Ақмарал Спандиярдың ойынша, отансүйгіштік рухы биік қайраткерлердің өнегесі жастарға болашаққа зор сеніммен нық қадам жасауға және олардың ұлтжанды болуына үлкен септігін тигізеді.
Көкшетау университетінің 2 курс студенті Ахмет Абылайхан:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егеменді еліміздің болашағы үшін атқарып жатқан қажырлы еңбегі мен жаһандық идеялары мемлекетімізді одан әрі дамытуда. Бұл - нағыз патриоттық қасиет. Қазақстанның қазіргі патриоты ретінде спортшыларымызды мысалға келтіруге болады. Мәселен, Илья Ильин әлемдік спорт додаларында ел намысын қорғап келеді. Жалпы, отансүйгіштік қасиет отбасынан басталады. Ананың балаға деген махаббаты, әкенің мейірімі арқылы жас ұрпақ патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өседі, - деді.
[Best_Wordpress_Gallery id="11" gal_title="«Әлемді өзгертетін идеялар» 16-17.02.2016"]
Көкшетау университетінің заңтану мамандығының 3 курс студенті Нұрбол Ешімбаев: «менің елім «тәуелсіз», «дербес ел» деп мақтана алатын және туған елі үшін мақтана білетін азамат нағыз патриот. Біздің арамыздағы ата-аналарымыз, аға-інілеріміз және апа-әпкелеріміз де патриоттар. Әрбір қазақстандық патриот болуы тиіс. Сонда ғана біз «Мәңгілік Ел» болу мақсатына қол жеткіземіз, - деді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әлеуметтік-тәрбие бөлімінің бастығы Эльмира Танақұлова екікүндік семинар туралы әсерімен бөлісті:
- Семинарды ұйымдастыру шарасы тиянақты ойластырылған. Біздің студенттер дәрістерге белсенді қатысты. Өз ойларымен бөлісті. Дәрістердің мазмұны мен әдістемелік деңгейі өте жоғары болды. Семинардан алған әсерлері мен білімдерін студенттер одан әрі университет қабырғасында пікір-талас іс-шарасы түрінде жалғастыру туралы ұсыныс білдірді. Петропавл қаласына оралғаннан кейін біз көрсетілімі Солтүстік Қазақстан өңіріне тарайтын университеттің телеарнасына сұхбат береміз. Семинардан жастар үлкен жігер алып шықты, осы семинар тәріздес дөңгелек үстел, конференция секілді іс-шараларды ұйымдастыруға қызығушылық танытты. Олар осы жерде алған білімдерін құрбы-құрдастарына да жеткізеді деген ойдамын. Жалпы, семинардың басты нәтижесі – студенттер Ұлт жоспары бағдарламасын жан-жақты және терең түсінді. Студент жастар Елбасының биік мақсат-міндеттерін тереңірек тани түсті, - деді.
Семинар қорытындысы бойынша марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ж.І. Қуанышев семинарға қатысқан студенттерге арнайы сертификаттар мен «Біздің Президент» атты естелік кітаптарын сыйлады.
Жапсарбай Қуанышев:
- Бүгінгі таңда «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының семинар-тренингтеріне 1200-ден астам жас азамат қатысты. Еліміз бойынша 20 жоғары оқу орнының студенттері осы жоба аясында білім алып, Елбасының Ұлт жоспары бағдарламасын тереңірек меңгерді. Біз аймақтармен тығыз байланыста жұмыс жасауды көздеп отырмыз. Ел аймақтарымен «кері байланыс» орнатып жатырмыз. Өңірлер тарапынан осы жобаға деген қызығушылық та артып келеді. Жалпы, біздің мақсатымыз «күрделі», «өтпелі кезеңнен» анағұрлым мықты, кез келген жағдайға төтеп бере алатын және ең бастысы, бәсекеге қабілетті болып шығу деп білемін. Ал, бәсекеге қабілетті болу адам факторына байланысты. Демек, сендер - бүгінгі біздің жастар бәсекеге қабілетті болуларың керек. Сендер Ұлт жоспарын түсіндіруге арналған семинардан алған білімдеріңді өмірде қолдана білулерің қажет. Бұл дегеніміз бірлескен жұмысымыздың табысты нәтижесі болады», - деді қорытынды құттықтау сөзінде.
Семинар қорытындысы шыққан күн Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Әйгерім Әбенованың туған күнмен тұспа-тұс келді. Кітапхана басшылығы туған күн иесі мерекемен құттықтай келе «Нұрсұлтан Назарбаев. Жылдар мен ойлар» кітабын және гүл сыйлады.