Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» клубының кезекті пікірсайыс турниріне елордалық колледж студенттері қатысты. Олар 55 команданы қамтыды.
Талқылауға арналған тақырыптар қазіргі қазақстандық қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерге негізделді. Олардың қатарында Қазақстандағы үштілділік, инклюзивті білім беру, баланың мамандығын таңдаудағы ата-ананың рөлі, тегін тәжірибе алу, т.б. бар.

Финалға шыққан командалар арасында орындар келесідей бөлінді: Қазақ лигасы бойынша 1 орын мен Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогын «Үндеме-сөйлеме» тобы (Жоғары сауда-экономикалық колледжі) иеленсе, 2 орынды «Критики высшего разума» («Астана» халықаралық университетінің педагогикалық колледжі), 3 орынды «Алаш» (Жоғары сауда-экономикалық колледж) қанжығасына байлаған.
Орыс лигасында 1 орын мен Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогын «Игра в кальмара» (Жоғары сауда-экономикалық колледж), 2 орынды «Verum» («Қаржы академиясы» АҚ колледжі), 3 орынды «Бублик» (Жоғары сауда-экономикалық колледж) иеленді.

Қатысушылардың айтуынша, пікірсайыстар ой-өрісті кеңейтуге, мәселені сан қырынан зерттеп, көкейтесті сұрақтарға жауап табуға, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттер мен ұжымдық рухты дамытуға ықпал етеді. Биыл Елбасы кітапханасы жанындағы «Ақиқат» пікірсайыс клубы 10 жылдығын атап өтуде.