2016 жылы Елбасы кітапханасының қорын толықтырған ерекше кітаптың бірі – «Ақ тілектер ағыны» («От чистого сердца»).
Аталған кітапқа тәуелсіз еліміздің 2015 жылғы саяси өміріндегі басты оқиғасы – ел Президентін бүкіл халық болып сайлау және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атына келіп түскен хат-хабарлар жинақталған.
Еңбек Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарлату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында жарық көрді.

Басылым 4 тараудан тұрады. Бірінші тарауда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы бойынша Елбасы атына келіп түскен хат-хабарлар ұсынылған.
Екінші тарауға ел азаматтарының Н.Ә. Назарбаевтан сайлауға өз кандидатурасын ұсынуын өтінген үндеулері жинақталған.
Үшінші тарауға Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауындағы жеңісіне орай құттықтаулар ағынынан құралған ақ тілек лебіздер мен тілектер енген. Жинақтың бұл бөлімі ең көлемдісі болып табылады.
Кітаптың төртінші тарауында Елбасының мерейжасымен және Астана күнімен құттықтау хаттарының мәтіндері берілген.
Төртінші тараудағы хат-хабарлардың авторлары шетел мемлекеттерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, өз саласында біліктілігімен танымал болған мамандар, Елбасының үзеңгілестері мен серіктестері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, діни конфессиялар өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері.

Бұл кітап – ел өмірінің деректі куәлігі, қазақстандықтардың Отанға және ел Президентіне деген шынайы ақ тілектерінің көрінісі.
«Ақ тілектер ағыны» атауымен алғаш рет осындай жинақ 2000 жылы жарық көрді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 60 жасқа толуына байланысты келіп түскен құттықтаулар жинақталған.