АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ 175 ЖАСТА

Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.

Абай

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», - деп толғаған заманның ұлы ойшылы, қазақтың арда перзенті Абай туралы бұған дейін де жазылып та, айшықталып та, айтылып та жүр.

Бүгін 2020 жылдың 10 тамызында Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Осынау атаулы күнді тек Қазақстан ғана емес, ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ көлемінде атап өту өткен жылы-ақ басталып кетті.

Абайдың тарих сахнасында мәңгі жаңғыратыны рас, талай ұрпақ көшіп, талай ұрпақ келсе де өміршең жауһар жырлары мен нақылдары, қара сөздері мен әндері ұлт бойында тасып, тулай береді.

 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, Қазақстан дамуындағы негізгі алғышарттар мен салиқалы ой-түйіндерін алға тартқан еді.

Абай философиясы әу бастан ұлттық бірізділік, білім мен ғылымға иек арту, өнер мен мәдениетке құштарлық, өзгеден жақсы нәрсені үйренуге жиренбей, кертартпалық пен надандықтан бойды аулақ ұстап, таза бұлақтай мөлдір болуға шақырады. Бұл ұлы ойшыл өмір сүрген кезеңнен қазақ халқы үшін әлі де өзектілігін жоғалтпаған мәселе.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы прагматизм, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сана, бәсекелік қабілет турасында қозғалған салмақты ойлар – Абай Құнанбаевтың философиясымен тығыз байланысты.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім»

Абай шығармаларында үздіксіз ағарту ісі туралы ой жиі айтылады.  Ақын өз халқының білім жолымен алға басқанын көргісі келді. Ол бұл дамудың негізін ғылым мен білім деп атады. «Ғылым таппай мақтанба», – деді ойшыл. «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады»,- деп Абай өзінің қара сөздерінде жазған (38-қара сөзі).

Елбасының бастамасымен 1993 жылы дарынды жастарға шетелдің жетекші оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беріп, сол алған білімдерін ел мүддесі мен оның дамуында іске асыруға жол ашқан «Болашақ» бағдарламасының тұсауы кесілген еді. Міне, 27 жыл бойы аталған бағдарлама өз жемісін беріп келеді. Бүгінгі таңда «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алған түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника саласындағы жүздеген ғылыми әзірлемелер мен жобаларды іске асырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізуде.

 «Білімді импорттаудың тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан кезеңде біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда. «Болашақ» стипендиясы түлектерінің білімі мен тәжірибесі жасампаздыққа ұмтылған барлық қазақстандықтарға үлгі болуы керек», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан шықты. «Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ...Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген», -деп  тың да түйінді тұжырым жасайды Ахмет Байтұрсынұлы.

«Атымды адам қойған соң...»

Абай Құнанбайұлы адам баласының бойындағы ең ізгі қасиет – адамгершілікті асқан суреткерлікпен сипаттап, аса бір ықтияттықпен дәріптеген. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген бір жолы үшін де Абай – ұлы. Барша адамзаттық құндылықтар осынау шатқаяқтаған заманда көңілге медеу болып, жүрекке жылу сыйлайды. Адам баласының жұдырықтай жүрегінен шыққан мейірім мен қайырымның күші қуатты.

Биылғы жылдың қаңтар айында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада Мемлекет басшысы Абайдың болмысы мен оның асыл мұрасының қазақстандықтар үшін маңыздылығына тоқталып, ой бөліскен болатын.

«Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты»,-деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететінін, ал ақынның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтыратынын ерекше атап өтті.

Мерейтойлық іс-шаралардың барлығы Абай Құнанбайұлының ұрандаған құндылықтарын нығайтуға, ең алдымен, қазақтардың рухани мәдениетін жандандыруға бағытталған. Жалпы есепте осы жылдың өзінде Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара өткізілді. Ең маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинақтарын 10 шет тіліне аудару және басып шығару, сондай-ақ Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы деректі фильмдер шығару.

Бүгін бүкіл Қазақстан бойынша онлайн форматта Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар өтеді. «Qazaqstan» телеарнасында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген «Хәкім Абай» арнайы мәдени бағдарламасы ұсынылады. Күні бойы арнаның эфирінде еліміздің әр өңірінен белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері Абай шығармаларын оқиды. Интернет қолданушылары Абай музей-үйінен «Абай-Шәкәрім» кесенесі бойынша бейнеэкскурсияларға қатыса алады. Ал сағат 15.00-де Абай өлеңдерін оқудан «Abai world challenge» атты  әлемнің сегіз халықаралық тілінде (француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян) халықаралық видеомарафон басталады.  Жалпы, Ұлы Абайдың туған күнінде бүкіл ел бойынша 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Ұлы ойшыл  һәм ақынға Нұр-сұлтан қаласында, сондай-ақ Абайдың туған жерінде және еліміздің басқа да қалаларында гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Абай мұрасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы кітапханасының мәдени-ағартушылық және ғылыми-білім беру қызметінен де көрініс тапқан. Ұлы ойшылдың мерейтойына орай кітапхананың ресми сайтында Елбасының жеке архиві, кітапханасы мен музейінің қор материалдарынан жасақталған көрме философия, әдебиет, поэзия, музыка салаларымен ұштасқан кемеңгердің мирасынан сыр шертетін «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуал көрмесі ұсынылған.

Абай еңбектерінің гуманитарлық құндылығы, оның философиясы мен даналығы Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлерінің «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингтері аясында өткізілетін бірқатар дәрістерінің негізінде жатыр. Семинарлар, вебинарлар онлайн режимде өтеді, оған Қазақстанның барлық өңірлеріндегі оқушылар, студенттер, әскери және мемлекеттік қызметшілер қатысады.

2017 жылдан бастап Елбасы кітапханасы жыл сайын Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттауға, қазақстандық жастардың оқу мәдениеті мен әдеби талғамын қалыптастыруға, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған «Абай оқулары» арнайы жобасын өткізеді. Әдеби эстафетаға ересектер де, балалар да қатысады, олардың ең кішісі  4 жаста. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін видеоға жаза отырып, оқырмандар бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялап, эстафетаны достарына, туыстарына және әріптестеріне таратады. Жыл сайын «Абай оқуларына» қатысушылар саны артып келеді, бүгінде оқырман саны мыңға жуықтады.

Елбасы кітапханасының музей және архив қорлары ғылыми-іздестіру экспедициялары да толықтырылуда. 2016 жылы кітапхананың архив қызметінің қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысы Жидебай ауылында болып, Семей облыстық тарихи-өлкетану музейіне, құжаттандыру орталығына, Абай атындағы әмбебап кітапханаға барып қайтты.

Қазақ әдебиетінің алғашқы классигінің шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Абай мұрасын шетелдік сыншылар мен оқырмандар жоғары бағалады, оның шығармалары әлем кітапханаларында лайықты орын алады. Жыл сайын Абай Құнанбаевтың туған күніне орай Елбасы кітапханасы ақынның шығармашылығына және ол туралы еңбектерге арналған кітап көрмелерін ұйымдастырады.

Елбасы кітапханасы оқырмандарға Абайдың шығармалары мен еңбектерінің, сондай-ақ ақын-философ және оның мұрасы туралы жазған өзге де қаламгерлер кітаптарының электронды нұсқаларын ұсынады. Олардың ішінде: А. Құнанбаевтың «Өлеңдер мен поэмалар» шығармаларының екі томдық толық жинағы, Қара сөздері, Т. Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» шығармасы, Е. Арын редакторлық еткен «Абай Құнанбаев», Р. Нұрғалиев редакторлық еткен «Абай Энциклопедиясы», М. Әуезовтің «Абай жолы: роман-эпопеясы», Н. Назарбаевтың «Абай туралы сөз» және т.б еңбектерді Елбасы кітапханасының «Кітапхана» бөліміндегі (Е-Кітапхана) оқуға болады.

Абайдың философиясы мен даналығы – қазақ халқының философиясы. Ақынның рухани мұрасы жыл сайын бүгінгі күннің өзекті мәселелерінде жаңа қырымен ашылып келеді. Абайдың армандары мен оның еңбектері темірқазық секілді қазақстандықтардың барлық болашақ ұрпақтарын даму мен жасампаздыққа жетелейді.

«Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуал көрмесі.