Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы,
Юрий Гагаринның ғарышқа ұшуының 60 жылдығы және Тоқтар
Әубәкіровтің ғарыштағы алғашқы сапарына 30 жыл толуына арналады.
Бүгін, 12 сәуір – Ғарышкерлер күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінің ашылуы өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат көрме мен іс-шара бағдарламасы атақты ғарышқа тұңғыш жол салушылардың ерліктерін есте сақтап, құрметтейтін посткеңестік кеңістік халықтары мүдделерінің ортақтығын растайтын айрықша оқиға екенін атап өтті.

«Бүгінгі ауқымды жобаны Елбасы кітапханасы Қазақстан, Ресей және Украина ұйымдарымен серіктестік негізде жүзеге асырды. Мұнда планетаның басты ғарыш айлағына айналатын Ұлы даланың өркендеу кезеңін қамтитын бірегей құжаттар, эскпонаттар ұсынылған. Іс-шараның жаңа елордадағы Елбасының алғашқы жұмыс резиденциясында өтуінің символдық мәні бар, өйткені оның салиқалы саясатының арқасында Байқоңыр бұрынғысынша өзінің стратегиялық маңызын сақтап келеді. Қазақстан өзінің ғарыш саласын қалыптастырып, батырларын аспан әлеміне аттандырды. Еліміздің әлемдік ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын «Байқоңыр – күллі адамзаттың игілігі, оның әлемдік космонавтикадағы тарихи рөлі зор», – деп атап өтті Б.Темірболат.

Көрме атауы Олжас Сүлейменовтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгілеп, күллі әлемнен сүйінші сұраған «Адамға табын, жер, енді» поэмасынан алынып отыр. Поэма ауқымды көрменің арқауына айналды. Көрменің ашылуында көрермендерге поэманың авторы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменов онлайн үндеу жолдап, поэманың құрылу тарихы мен аңызға айналған Ю.А. Гагаринның ғарышқа ұшу күні туралы естеліктерімен бөлісті..

«12 сәуір күні таңертең газетте менің «Адамға табын, жер, енді!» өлеңім жарық көрді. Юрий Гагаринге арналған осы өлеңім мыңдаған түрлі-түсті парақшаға жазылып Алматы аспанынан жерге төгілді... Барша халық көшеде жиналған екі сәт есімде – бұл 1945 жылғы 9 мамыр және 1961 жылғы 12 сәуір. Бүкіл адамзаттың бойын бір ғана қуаныш, бақыт, болашаққа деген үміт сезімі биледі. Осы көңіл-күйдің әсерімен мен өлеңімді жалғастырып, бір апта ішінде тұтас поэма жаздым», – деп ой бөліскен О.Сүлейменов, өз туындысынан шағын үзінді оқып берді.
Көрменің ашылуына Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин қатысты. Ол өз сөзінде көрмені ұйымдастырушылар қазақстандық аудиторияға біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында ғарыш саласындағы жетістіктерді көрсету мақсатында үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Алғашқы «Восток» ғарыш кемесін ұшыру және аспан әлемін одан әрі игеру қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан басталды. Осы жерден Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те ұшты, оның ғарыштағы алғашқы сапарының 30 жылдығын біз осы жылы атап өтеміз. Ғарышты бағындырған қос қазақстандық батыр Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтың есімдері әлемдік ғарышкерлер тарихына жазылды... Әрине, «Адамға табын, жер, енді!» жобасы гуманитарлық саладағы Ресей-Қазақстан байланыстарының қарқынды дамуының жарқын айғағы», - деді А.Бородавкин.

Көрме «Жер жағалауы», «Жер. Байқоңыр ғарыш айлағы», «Жер. Алғашқылардың уақыты» үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Оның негізгі бөлігі бұрынғы резиденцияның конструктивті шешімі бойынша бірегей «Күмбезді» залында – жоғары деңгейдегі мемлекетаралық кездесулер өткен, оның ішінде ғарышты игеру мәселесі де қаралған тарихи орында орналасқан.

Іс-шара ұйымдастырушыларын Украинаның Житомир қаласындағы С.П. Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі өкілдері Ғарышкерлер күнімен құттықтап, бейнеүндеу жолдады.
«Украина Сергей Королевтің отаны, ал Қазақстан оның арманын іс жүзінде жүзеге асырған киелі мекенге айналды. Біздің елдерімізді ортақ тарих, ғарыштық жетістіктер тарихы біріктіреді. Бұл болашақ ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың, екі халық арасындағы достық байланысты нығайтудың негізі болсын», - деп атап өтті Алла Лектева.

Қазақстандықтарға Мәскеу қаласындағы Ю.А. Гагарин атындағы космонавтика музейінің атынан Кеңес Одағының Батыры, КСРО ұшқыш-ғарышкері Александр Лавейкин де сөз сөйлеп, бейнеүндеу арқылы құттықтады. «Құрметті достар, мен «Мир» станциясына экспедиция командирі Юрий Романенкомен бірге ұшқан кезде, біз жерімізге көп қарадық. Әрине, көрікті жерлер көп. Бірақ ең әдемісі – сіздің орын, сіздің табиғат және сіздің адамдар».

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістерінің «Адамға табын, жер, енді» музыкалық-поэтикалық қойылымы іс-шараның көркін ашты.
Айта кету керек, халықаралық көрмені дайындау және жүзеге асыру үдерісі тарихи жад пен жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеудің ортақ үлгісіне айналды. Елбасы кітапханасы серіктестеріне зор алғысын білдіреді:
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті
«Қазақстан Ғарыш Сапары» «ҰК» АҚ
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ
Ақтөбе облысының әкімдігі
Қызылорда облысының әкімдігі
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі
Ақтөбе облыстық планетарийі
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі
Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество Өкілдігі
«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы
Ю. А. Гагарин атындағы Космонавтика музейі (Мәскеу қ., РФ)
С.П. Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі (Житомир қ., Украина)
АНЫҚТАМА:
«Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесі үш тақырыптық бөлімнен тұрады:
I бөлім. «Жер жағалауы»
«Адамға табын, жер, енді!» көрменің бірінші бөлімінің материалдары адамзаттың ғарышқа ұшқан орны – ЖЕР ЖАҒАЛАУЫНА айналған Қазақстан жеріне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанның тарихы бай әрі алуан түрлі өңірлерінің ішінен Байқоңыр ғарыш айлағының тарихына, Қазақстан жерінен шыққан кеңестік ғарышкерлер өмірбаянына тікелей қатысы бар үш облыс ұсынылған. Олар: Қызылорда, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қазақ мемлекеттілігінің барлық кезеңдерінің, шаруашылық құрылыстарының тарихи және даму жүйесі осы өңірлердің археологиялық шолуында көрініс тапқан.
Аталған үш өңірдің ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін дамытудың негізгі бағыттары инновациялық жобаларды іске асыратын Қазақстан Республикасы халық шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі.
II бөлім. «Жер. Байқоңыр ғарыш айлағы»
«Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінің екінші бөлімі адамзаттың озық ойының жемісі – «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихына арналған. Жердің алғашқы жасанды спутнигін ұшыру, алғашқы адамның ғарышқа ұшуы, «Восток», «Восход», «Союз» сериялы басқарылатын ғарыш кемелерін, «Салют» және «Мир» сериялы орбиталық станцияларды, «Энергия» – «Буран» көп рет қолданылатын жүйелерді, планетааралық ғарыш аппараттарын және қазіргі заманғы жасанды Жер серіктерін ұшыру – осының бәрі атақты ғарыш айлағының алаңдарынан өтті. «Бірінші старт» бейнеинсталляциясы және мультимедиялық көрсету құралдары алғаш рет заманауи жасанды жер серіктерінің көмегімен Қазақстан қалаларының фотосуреттерін көлемді етіп көрсетуге мүмкіндік берді.
III бөлім. «Жер. Алғашқылардың уақыты»
«Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесі «Күмбезді» залдағы
«Жер. Алғашқылардың уақыты» бөліммен түйінделді. Көрмеде ғылыми ойдың алғашқы серпілістерінің тарихы, ғарыш кеңістігіндегі адамзаттың ең алғашқы әрі ең маңызды қадамдарының хроникасы, әлем мен Қазақстанның алғашқы ғарышкерлерінің ерлігі баяндалады.
С. П. Королев, Ю. А. Гагарин, В. В. Терешкова, П.И. Беляев және А.А. Леонов есімдерімен байланысты бірегей мұрағаттық материалдар, сондай-ақ ғарышкерлер В.А. Шаталовтың, В.И. Пацаевтың, А.С. Викторенконың жеке заттары ерекше назар аударуға тұрарлық.
Байқоңыр жерінің бір уыс топырағы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Құран және басқа да қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта болған заттар Елбасы кітапханасы музей жинағының құнды қазыналары болып саналады. Сондай-ақ мұнда қазақстандық ғарышкерлер Т.О. Әубәкіров, Т.А. Мұсабаев, А.А. Айымбетовтың ұшу кезіндегі тарихи сәттерден сыр шертетін мұрағаттық материалдар бар. Көрменің маңызды бөлігі қазақстандық ғарыш саласының қазіргі даму кезеңіне арналған.
Интерактивті қоғамдық бағдарлама
Көрме базасында ашылған сәттен бастап ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін интерактивті жалпыға ортақ бағдарлама іске асырылатын болады. Оған әлеуметтік желілердегі тікелей онлайн-трансляциялар, тақырыптық экскурсиялар, мұражай сабақтары және мұрағаттық бейнехроника көрсету сеанстары кіреді. Бағдарламаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары, сондай-ақ алдын ала өтінімдер бойынша барлық ниетті жандар қатысады. Бағдарлама шеңберінде ZOOM платформасында тұрақты ақпараттық байланыс ұйымдастырылады, оның барысында ғарыш саласын, атап айтқанда, экологиялық, ауыл шаруашылығы және аэро-мониторинг, қазақстандық ғарышкерлердің ғылыми бағдарламаларын талқылау жоспарланған.
«Адамға табын, жер, енді!» ауқымды халықаралық жобасы жаңа ақпараттық ағымның маңызды алаңына айналды. Соның нәтижесінде қалың жұртшылық заманауи ғарыш саласының жетістіктері мен оның алдағы перспективалары туралы біліп, білім көкжиектерін кеңейте алады.
«Адамға табын, жер, енді!» көрмесі Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, мекенжайында орналасқан. 2021 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.
Карантиндік шараларға байланысты көрмеге барар алдында анықтама телефондарына хабарласуды ұсынамыз: +7 (7172) 75 12 96, 75 12 92, 69 30 41, 69 30 44.
Сонымен қатар, көрме туралы фото және бейнематериалдарды www.presidentlibrary.kz сайттан тамашалауға болады.
YouTube
https://www.youtube.com/channel/UCwruR1fWo1e8jKC3bwLBsIg
https://www.facebook.com/president.library/