Елбасы кітапханасына «Құнанбай әулеті» атты монументалды көркем кенеп картинасы қойылды. Туындының авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Суретшілер одағының мүшелері, суретшілер Нұржан Қарымсақов пен Аманжол Мусалимов. Бұл картина қазақтың ұлы ақын-ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына көрсетіліп жатқан лайықты құрметтің жалғасы.
«Құнанбай әулеті» – Абай Құнанбайұлының әкесі, қазақтың қоғам қайраткері, Құнанбай Өскенбайұлының ұрпақтарына арналған туынды. Тарихи деректерде ақынның әкесі Құнанбай қажы өз ортасында сыйлы ақсақал, болыс, меценат болған туралы ақпарат сақталған. Құдайға сенген адам ретінде ол Меккеге бірнеше рет қажылыққа барады. Ол айналасына қайырымдылық ісімен үлгі болып, мешіттер мен медреселер салған.
Шаңырақ шуағындағы Құнанбайдың портреті шығарманың өзегіне айналған. Құнанбайдың сол жағында Қазақстан тарихына ғана емес, есімі бүкіл әлем әдебиетіне – Абай боп енген ойшыл, ақын, композитор, ағартушы, философ Ибрагим бейнеленген. Ақынның қасында оның ұлдары – Құнанбайдың немерелері: Мекайыл (Мекеш), Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл кескінделген. Құнанбайдың оң жағында Шәкәрім Құдайбердіұлы, оның ұлы Ахат Шәкәрімұлы.
Артқы фонда қазақ халқының жан серігіне айналған текті елдің өзіндей еркіндікті сүйетін жылқылар суреттелген. Тарбағатай таулары мен Құнанбай салған мешіт те суреттің артқы фонында көрініс тапқан.
Шығарманың төменгі орталық бөлігінде қолында кітабы бар таста отырған Құнанбай, ал оған қарама-қарсы бетте оның анасы, Абайдың әжесі – Зере отыр. Оның жанында болашақтағы қазақ халқының ұлы ақыны – ашылған кітапқа үңілген кішкентай Ибрагим бар. Алыстан киіз үйлер, жазғы шуақты күннің көгілдір аспанын бейнелейтін кішкентай көл көрінеді.
«Құнанбай әулеті» картинасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратының бірінші қабатындағы экспозициялық залға қойылған.
