3 ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС: ҮЗДІКТЕР ҚОШЕМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

2017 жылдың 13 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының құрылғанына 3 жыл толды. Кітапхана Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Елбасының жеке кітапханасы мен жеке архивінің қызметін қамтамасыз ету, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Елбасы идеялары мен бастамаларын ілгерілету мақсатында құрылды.

Елбасы кітапханасы британ сәулетшісі Норман Фостер жобасымен бой көтерген Назарбаев орталығында орналасқан. Жалпы аумағы 30 мың шаршы метрден  астам ғимарат аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейді. Қазіргі Қазақстанның өміршең қуатын білдіретін ғимараттың қайталанбас сыртқы келбеті еліміздің тұрғындарымен қатар шетел саяхатшыларының да, сондай-ақ өзге мемлекет басшыларының да көзін еліктіруде.

2016 жылдың 4 қарашасында Кітапханаға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы қосылып, жәдігерлер, кітаптар, архив материалдарының саны екі еселенгенін айта кеткен жөн. Бұл мәдени, ғылыми-білім беру, экспозиция-көрме қызметтерінің әлеуетін күшейтті.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, президенттік кітапханалар, орталықтар мен қорлар дамыған елдердің көбінде бар. Мәселен, АҚШ-та 13 кітапхана бар болса, 2021 жылы Барак Обама кітапханасының ашылуы жоспарланып отыр. Бұл үлгідегі кітапханалар мен орталықтар Қытай, Малайзия, Сингапур, Түркия, Франция іспетті мемлекеттерде бар. Ресейде Ельцин орталығы, Әзірбайжанда Г.Әлиев орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы ғылыми-зерттеу, талдау, білім-тәрбие беру, мәдени-ағарту бағытында күш-жігерді жұмылдырған көп қызметті кешендер.

Елбасы кітапханасында да бір-бірінен ерекшеленетін, бірақ тығыз сабақтасатын бағыттар қолға алынды. Кешенде архив, кітапхана, экпозиция-көрме аумақтары, талдау кешендері, «Кемел Ел» мәдени-білім беру және жастарды тәрбиелеу орталығы бар. Есігі айқара ашылған сәттен бастап Кітапханаға келушілердің саны 60 мыңнан асып жығылған.

– Бүгін біз Кітапхананың құрылуы мен дамуына үлес қосқан адамдарға қошемет көрсету мақсатында жиналдық. Үш жылдың ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бастапқы кезең кез келген істе қиын болады. Қызметкерлеріміздің ауызбіршілігі мен еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі  арқасында біздің ұйым көпшілікке танылып, Елбасының идеялары мен бастамаларын ілгерілету жұмыстары жалғасын тапты, - деді Елбасы кітапханасының орынбасары Бейсембай Жұмабеков.

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры міндетін атқарушы Махмұт Қасымбековтің атынан құрмет грамотасын алған қызметкерлердің көбі мекеме құрылған уақыттан бастап еңбек етеді. Атап айтқанда, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Мейрам Бектембаев, Стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің басшысы Михаил Мироненко, Экскурсиялар ұйымдастыру секторының жетекшісі Айымкүл Жанкулиева, Кітапхана жұмысы қызметінің жетекші сарапшысы Айдынкүл Көшкінова, Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы Бибігүл Бекенбаева, Баспа және жұртшылықпен жұмыс қызметінің аға сарапшысы Бағлан Төребеков, Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің аға сарапшылары Ақбота Хамитова мен Нұржан Хамзин, Мұрағат жұмысы қызметінің сарапшысы Ғалымжан Кенжебаев, механик Жандос Хасенов.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов пен Халықаралық жобалар қызметінің басшысы Мариан Абишева серіктестік пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда танытқан белсенділіктері үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының атынан құрмет төсбелгісімен марапатталды.

Өткен жылы Елбасы кітапханасы Академиямен бірлесіп бірқатар іс-шараларды өткізді. Академиямен жемісті әріптестіктің бір айғағы –құқықтанушы ғалымдар арасында құқық қорғау саласына қатысты үздік материалға жарияланатын халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты. Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен прокуратура органдарының құрылуына орай ұйымдастырылды. «Бізді жаңа жоспарлар мен оларды жүзеге асыру жұмыстары күтіп тұр. Байқауға қатысушылардың еңбектері маңызды рөл атқарады. Олар ой-өрісті кеңейтіп, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жеке құзыреттерін арттыруға көмектеседі», - деп атап өтті Тимур Шаймергенов.

Құқық қорғау органдары академиясының атынан марапатты Жоғарғы оқу орынан кейінгі білім беру және кәсіби деңгейді арттыру институты директорының орынбасары Ернар Бегалиев, Халықаралық ынтымақтастық және жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, әділеттің аға кеңесшісі Шакир Шаяхметов тарту етті.