29 тамыз - Қазақстан Республикасы, әлемдік қоғамдастық және жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн. 1991 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-нің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Невададағы полигоннан кейін әлемдегі ең қуатты екінші Семей полигонын жабу туралы» жарлыққа қол қойды.
Елбасының аталған шешімі мұндай батыл қадам жасауға қарсылық аз болмаған Қазақстанның Кеңес Одағының құрамындағы тарихи күрделі кезеңге тап келді. Семей ядролық полигонының жабылуы қазақ халқы қырық жыл күткен тағдыркесті шешім еді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, Семей полигонындағы атом бомбасы қаруын сынақтан өткізу салдарынан 1,5 миллион адам зардап шеккен. Семей қаласы мен оның төңірегінде онкологиялық аурулармен ауыру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 263,3 адамды құрады, ал ұлттық көрсеткіш – 184 құрайды.
Семей полигонының тарихына келер болсақ, 1949 жылы 29 тамызда Кеңес Одағы алғашқы ядролық қаруды сынақтан өткізді. 1949-1989 жылдар аралығында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының туған жері саналатын қасиетті мекенде кем дегенде 456 ядролық сынақ, сонымен қатар ондаған гидро ядролық және гидродинамикалық сынақтар жүргізілді.
Қазақстан жерінде соңғы сынақ 1989 жылдың 4 қазанында жүрді. 29.08.1949 - 04.10.1989 - құлпытастың бетіне жазылатын қос дата іспетті. Олардың аралығында құрғақ әрі сұмдық статистика бар.
Қазақстан Республикасы дүниежүзілік тарихта жойқын ядролық полигонды жапқан және жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет саналады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз ел құру мәртебесі әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын алды. 1994 жылдың 14 ақпанында Вашингтон қаласында (АҚШ) Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы шартқа ядролық емес мемлекет ретінде қосылды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі конференциясына бақылаушы ретінде қабылданды. Қазақстан сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты әзірлеуге және қабылдауға белсенді қатысты және оған алғашқылардың бірі болып 1996 жылы 30 қыркүйекте қол қойды.
Қазақстан ядролық полигонды жабу арқылы халықаралық тарапқа танылды. Қазақстанның бітімгерлік үлгісі 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясын 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп жариялауға рухтандырды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 шілдедегі № 467 қаулысымен 29 тамыз елімізде Семей ядролық полигонының жабылу күні ретінде атап өтілетін болды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қабылдаған шешімді асыра бағалау мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл және ымырасыз шешімі қозғалыс жетекшілерінің арасында ядролық қаруды таратпауға деген құрметке шабыт берді. Әлемдік қоғамдастық үшін Семей ядролық полигонының жабылуы маңызды оқиға болды және бүкіләлемдік антиядролық қозғалыстың басталуына әсер етті.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ядролық қаруды таратпау саласындағы қызметі жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының шешімімен бес ортаазиялық мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан ядролық қаруды өндіруден, сатып алудан, сынаудан және иеліктен бас тартып, Орталық Азия аймағында ядролық қарудан азат аймақ құрды. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылы 8 қыркүйекте Семей қаласында қол қойылды, ол терең символдық акт болды. Орталық Азия Латын Америкасында, Оңтүстік Тынық мұхиты, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкада орналасқан бес аймақтық ядролық қарусыз аймақтың бірі болды.
Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық қатынастардағы жас мемлекеттен халықаралық қоғамдастықтың белсенді және беделді мүшесіне дейінгі үлкен жолдан өтті.
Қазіргі әлемде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ғаламшарды жаппай қырып-жою қаруынан босатып, ядролық қарудан азат әлем құрудағы гуманистік миссиямен тығыз байланысты.
Өз сөзінде Н.Назарбаев полигонды жабу - бұл Қазақстан халқының еркінің орындалуы екенін әрқашан баса айтады. «Полигонды жапқан, ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан бүкіл адамзатқа кең тыныстауға көмек етті. Мұндай мемлекетте қару-жарақтың қаншалықты көп екенін елестетіп көріңізші. Бұл кез келген адамның қолына түсуі мүмкін еді. Бүгін мен президентпін, мүмкін басқа президент. Қандай көңіл-күймен келеді, кім келеді және менің мемлекетіме не болады, қарым-қатынас қалай болмақ? Сондықтан біз бұл зымырандарды шығарып, алыс қашықтықтағы бомбардирлерді әскери ұшақтарға, әскери техникаға айырбастау туралы шешім қабылдадық, ядролық зымырандардың ұшақтарындағы отынды саттып, бұл үшін ақша және инвестиция алуды мақсат еттік», - деді Н.Назарбаев 2016 жылы «Киодо Цусин» жапониялық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Антиядролық іс-шаралар, Елбасының жеке үлесі жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту процесінің маңызды элементі болып қала береді және төртінші қуатты әскери ядродан бас тартып, жаппай қырып-жоятын қарудан әлемдегі екінші ірі полигонды жабу туралы шешім қабылдау, Орталық Азияда аймақтық ядролық қарусыз аймақ құру, Иранның ядролық проблемасын шешудегі сәтті делдалдық, ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттарға қол қою, соның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпы декларациясын қабылдау сынды аймақтық қауіпсіздікті нығайту процесінің маңызды элементі болып қала береді және тарихи маңызды шешімдер, бастамалар, іс-шаралар мен жұмыстарды қамтиды. «ХХІ ғасыр әлемі, манифест» - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының жаһандық қоғамдастыққа жолдаған стратегиялық еңбегі - Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыс және бейбітшілік мәселелерін терең түсінгенін және БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты мәртебесін басты хабарлама яғни әлемді ядролық қарудан азат етудің 100 жылдығына орай қабылданғанын білдіреді.
Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі жаһандық антиядролық Қозғалыс құру. 2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы ұсынған халықаралық «АТОМ» жобасының көздегені де – осы. Бұл аббревиатура ағылшын тіліндегі төрт сөздің алғашқы әріптерінен құралған («Abolish Testing. Our Mission»), бұл «Сынақтарды жою – Біздің миссия» деген мағына береді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы жобасының негізгі міндеті - ядролық қаруды сынауға мүлдем тыйым салу мақсатында жаһандық қолдауды күшейту.
Ядролық қаруды таратпаудың берік жақтаушысы бола отырып, Қазақстан бейбіт атомды дамытуға, атом энергиясын қауіпсіз пайдалану бастамаларын жан-жақты ілгерілетуге әрдайым өз үлесін қосады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Қазақстан аумағында аз байытылған уран банкін ашуы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы мемлекеттік саясатын практикалық іске асырудың оңтайлы нысаны болды. Аталған банк басқа мемлекеттерге уранды байыту қажеттілігінің алдын алып, бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған дейін әлемде мұндай банктер болған емес. Банкті құру идеясы «бейбіт атом» деген атпен әскери ядролық бағдарламалардың даму қаупін болдырмауға байланысты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей ядролық полигонын жабу туралы» жарлығы жаңа әлемдік парадигманы, жаңа жаһандық ойлауды және бүкіл әлемде ядролық қаруға деген көзқарасты қалыптастыруда - жаппай қырып-жою қаруын тарату саясатынан еркін әлем саясатына көшуде бастамашылық етті.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық державаның басшысы болу деген құлшыныстан бас тартып, мемлекеттік қайраткерлігін танытты және әлемдік тарихта бұрын-соңды болмаған бірқатар шешімдер қабылдады.
Біріншіден, Қазақстан кеңестік әскери машинадан мұраға қалған әлемдегі ең ірі ядролық қару-жарақ арсеналдарының бірінен өз еркімен бас тартты. Ел ішінде ядролық қаруды сақтауды жақтаушылар болғанына қарамастан, халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін бұрын-соңды болмаған қадам жасалды. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет болды.
Екіншіден, Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген шешімінің арқасында әлемдегі басқа да ядролық полигондардың жабылуына бастама болды. Ұзақ жылдар бойы әлемнің ең ірі бес полигоны үнсіз тұр. Солардың бірі – Семей ядролық полигоны мәңгілікке жабық. Қалған төртеуі – Ресейдегі Новая Земля, Муруроа атолласы (Франция), Қытайдағы Лобнор көлінің маңы және АҚШ-тың Невада штатына – аталған мемлекеттер тарапынан мораторий жарияланған.
Үшіншіден, Қазақстандағы қалған ядролық қондырғылар мен ядролық материалдардың қауіпсіздік режимі қамтамасыз етілді, содан кейін атомды бейбіт мақсатта пайдалану мүмкіндігі қайтадан қалпына келтірілді.
Ядролық қарусыз әлем құру – мүмкін дүние. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы қызметі жаппай қырып-жою қаруы мемлекет қауіпсіздігінің кепілі еместігін дәлелдеді. Мұндай кепілдік – тату көршілік, сенім және мемлекеттердің барлық көршілермен ынтымақтастығын тереңдету болып саналады.
Дереккөздер:
Опубликован указ Назарбаева о закрытии Семипалатинского ядерного полигона // https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/opublikovan-ukaz-nazarbaeva-zakryi...
Елбасы принял участие в церемонии вручения «Назарбаевской премии за мир без ядерного оружия и глобальную безопасность» // https://elbasy.kz/ru/news/2019-08/elbasy-prinyal-uchastie-v-ceremonii-vr...
Присуждена Назарбаевская премия за мир без ядерного оружия и глобальную безопасность // https://khabar.kz/ru/news/item/114974-prisuzhdena-nazarbaevskaya-premiya...
Инициативы РК в сфере разоружения и нераспространения, озвученные в Вашингтоне Н. Назарбаевым, - в центре внимания мировой общественности // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30615436#pos=8;68
Решение, изменившее архитектуру мира // http://presidentlibrary.kz/ru/news/reshenie-izmenivshee-arhitekturu-mira
Какие инициативы Казахстана нашли отражение в ООН // https://baigenews.kz/analysis/analytics/kakie_initsiativi_kazahstana_nas...
Закрытие Семипалатинского полигона – личный вклад Елбасы в глобальную международную безопасность // https://www.theatomproject.org/2019/08
Сколько испытаний провели на Семипалатинском полигоне // https://ru.sputniknews.kz/infographics/20180829/7018400/semipalatinskij-...
Казахстан и Япония определяют общие цели по борьбе с ядерным оружием // http://lenta.inform.kz/ru/kazahstan-i-yaponiya-opredelyayut-obschie-celi...


