108 ЖЫЛ БҰРЫН «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

«Қазақ» қоғамдық-саяси әдебиет газетінің алғашқы басылымы 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрді. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы - Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М. Дулатұлы болды.  Газет авторларының қатарында Бірмұхамет Ақбасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жақып Ақбайұлы, Ишанғали Арабайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Гүләйім Байгурина, Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Бірімжанұлы, Аққағаз Досжан, Халел Досмұхаметұлы, Сәбит Дөнентайұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғанижамал Дулат, Әлімхан Ермекұлы, Мүсілім Ермекұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Таһир Жомартбайұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Нәзипа Құлжан, Бейімбет Майлин, Мұстақым Малдыбайұлы, Ахмет Мәметұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Мұстафа Шоқай, Ахмет Оразаұлы, Мұстафа Оразаұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жансұлтан Сейдалыұлы, Жиһанша Сейдалыұлы, Асылбек Сейітұлы, Мұхаметжан Сералыұлы, Бекмұхамбет Серкебайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Субханберді Хасенұлы, Сәдуақас Шорманұлы, т.б. болды.

«Қазақ» газетінің рәміздік-бейне ретінде киіз үй белгіленген. Киіз үйдің түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары газетте «Қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

Зерттеушілердің пайымдауынша, А.Байтұрсынұлы және басқалар қазақ халқының тарихы мен ұлттық фольклоры, лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялау арқылы «Қазақ» газетін жоғары ғылыми деңгейге жеткізген. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым қазақ тілінде шынайы кәсіби газет стилін қалыптастырып, зор ағартушылық рөл атқарғаны хақ. «Қазақ» газеті шығарушылар алқасы осы тұста халыққа үндеуін былай деп келтіреді: «Газетімізге қай тілмен болсын жазылған сөздер, хабарлар алынады. Газетамыздың көп мақсұдының бірі: басқадан да алып, өзімізде барын да жиын қазақ тілінің бетін жөндеп, жолын ашпақ, сондықтан қазақтың мақалдары, жұмбақтары, тақпақ сөздері, билерінің, шешендерінің айтқан сөздері, басылмаған өлеңдер, қиссалар – бәрі де қабыл алынады. Басылмай қалған сөздер қайтарылмайды».

Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3000 дана болса, кейіннен ол 8000 данаға жеткен. Торғай облыстық съезінің шешімімен 1918 жылдың көктемінде газет басылымын тоқтату үкімі шығып, күзде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны шығады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алаш ордалықтардың еңбегін былай бағалайды: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. ...Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жеріне жете зерделенбей келеді. Оның үстіне кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты – қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді».

Елбасы ұлт зиялыларының ел тәуелсіздігіндегі орнын әрдайым белгілеп отырады. «Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр», - дейді Елбасы.

Елбасы кітапханасының қорында «Қазақ» газеті мен «Алаш» партиясының негізін қалаған зиялылар туралы жазылған бірқатар басылымдар бар. Олардың қатарында Н.Мартыненконың «Алаш Орда»  атты құжаттар жинағы жатады. Кітап беттерінде Алашорда қозғалысы, оның тарихы, қызметі, бағдарламасына нақты түсінік беретін шынайы құжаттар бар. Бұл деректер 1913-1920 жылдары елімізде болған оқиғаларды бейнелеп,   ұлт тарихындағы Алашорданың рөлін құрылған кезеңінен бастап жойылған сәтіне дейін суреттейді.

Т.Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» деген еңбегі Алаш зиялыларының сот ісін ұсынады. Оған 1927-1932 және 1937-1938 жылдардағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінің Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсыұлы, З. Уәлиди, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасұлы және т.б. қатысты құжаттары кіреді. Басылым беттерінде Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!» трилогиясы да ұсынылған.

Н.Дулатбековтің «Алаш ардақтылары: Санкт- Петербург іздері» кітабы Санкт-Петербургте жоғары білім алған Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған.

Кітапхана сөрелерінде  Е.Сыдықовтың «Восточное отделение правительства «Алаш орды», Б.Әбдіғалиұлының «Алаш әскері», М.Ескендірұлының «Алашорда министрлері» құжаттар жинағы, Ә.Кәкеннің ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Даланың жеңілмеген ұлы», Н.Жуанышбековтің «Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы» сияқты басылымдар бар.

Жуырдағы кітап қорын толықтырған басылымдардың бірі – қоғам қайраткері, ақын Х.Есенқарқызы құрастырған «Ақжол» газетінің 25 томдық материалдар жинағы. 2020 жылғы шығарылымға «Ақжол» газетінің Қазақстан, Ресей, Өзбекстан кітапханалары мен архивтерінен алынған материалдар кірген.