15 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған екі күндік «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі аяқталды.
Елбасы кітапханасының жаңа оқу маусымы жаңа өзекті тақырыппен үстіміздегі жылдың 7 ақпанында басталды. Екі күндік семинардың бағдарламасы төрт дәріс, тәжірибелік сабақтар, тренингтер, пікірталастар кешенін қамтиды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған дәрістерді Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері дайындаған. Курс аясындағы тренингтер мен тәжірибелік сабақтар лидерлік қасиеттерді қалыптастырып, жобалық және сыни ойлауға дағдыландырады.

Студенттер «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінен алған әсерлерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 4-курс студенті Төрежан Өтеген:
– «Рухани жаңғыру» тақырыбына арналған екі күндік семинар-тренингтен кең көлемді ақпараттар алдық. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласымен таныспыз, бірақ бізге әр бөлімді толықтай түсіндіріп, аталған идеяны дәріптеуге ынталандырды, оны жүзеге асыру үшін қалай әрекет етіп, қандай қадамдар жасау қажеттігін айтып берді. Семинар-тренингке жоғары оқу орындарының озат, белсенді, лидер студенттері таңдалды. Біздің әрқайсысымыз өз ортамызға «Рухани жаңғыру» идеясын насихаттайтын болсақ, бағдарламаны түсініп, іске асыруға талпынатын жандардың қатары көбейеді. Бұл қазіргі уақытта өте қажет, себебі көпшілік арасында түсінбеушіліктер орын алуда. Біздің мақсатымыз – осы мәселені шешу. Ал негізінде Елбасы бізге, жастарға сенім артатындықтан Қазақстанның болашақ өркендеуі үшін Президент идеяларын іске асыруға міндеттіміз.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 4-курс студенті Карина Цой:
– Мен Елбасы кітапханасына семинар-тренингті ұйымдастырып, шақырғандары үшін ризашылығымды білдіремін. Біз үшін тек жаңа білім көкжиегі ғана емес, үлкен құрмет дер едім. Осы жерден алған ақпараттар мен дағдылар өте ерекше. Олардың өрісі кеңейіп, жаппай таратылуы тиіс. Президентіміздің идеяларында Қазақстанның қарқынды дамуы, халқының әл-ауқатының артып, интеллектуалды және рухани ілгерілеуі көзделген. Қазақстан жастарына зор үміт артылған және барлық мүмкіндіктер жасалған. Бізге берілген мүмкіндіктерді, менің ойымша, жеке басымыздың дамуына ғана емес, сонымен қатар еліміздің дамуы мен жетілуіне пайдалануымыз керек. Мен болашағымды тек Қазақстанмен байланыстырамын. Зұлмат жылдары жер аударылған халықтарды, оның ішінде менің де ата-бабаларымды құшақ жая қарсы алған қазақ халқының ыстық ықыласы мен қайырымдылығына алғысым шексіз.

Оқудың бірінші күні тыңдаушыларға Елбасы кітапханасының Музейінде және Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейінде экскурсия жүргізілді. Семинар-тренингтің соңғы күнінде дәстүрлі кездесу өткізілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне табысты кәсіпкер және қоғам қайраткері, «100 жаңа есім» жобасы «Бизнес» номинациясының жеңімпазы Анатолий Добровольскиймен кездесу ұйымдастырылды.

Анатолий Добровольский Астанадағы биік мансабынан бас тартып, туған өлкесінде кәсіп ашуға бекінеді. Дауншифтер бал арасын өсірумен айналысып, қазір туған өлкесін балмен қамтамасыз етіп отыр. Қазір омартасынан айына 4 тонна бал өндіріледі. 2014 жылы ол Қазақстанның «Бал Ара» омарташылар ұлттық одағының Астанадағы филиалын басқарды. 2018 жылдан Қазақстанның «Бал Ара» омарташылар ұлттық одағының вице-президенті.
Анатолийдің аңсаған арманы орындалып, әуестігі пайдалы кәсіпке айналғандығы жеке кәсіпкерлікті енді бастағандарды ынталандыруға үлгі болары сөзсіз. Жеке кәсіпкер бал өндіру кәсібінің өнімін шетелдерге экспорттауға бағытталған ауыл шаруашылығының келешегі мол бірден-бір саласы болатынына сенімді.