2017 жылы 4 шілдеде сағат 10.00-де, Астана күні қарсаңында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасында (Ә. Бөкейхан көшесі, 10) «Бала және мәдениет» жобасының аясында қаланың ең кішкентай азаматтары үшін «Жұлдызды қала – Астана» балалар мерекесі өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында Астана күніне орай балалар мерекесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Бұл дәстүр Астана қаласы Білім беру басқармасының мектепке дейінгі ұйымдарымен арадағы жемісті әріптестіктің нәтижесі болып табылады. Биылғы жылы мерекелік іс-шара № 38 «Шаттық» балабақшасы ұжымымен бірлесіп дайындалды. Іс-шараға Білім беру басқармасының әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, балабақша ата-аналары мен тәрбиеленушілері қатысады.
Жылулық пен достықтың ғажайып әлемі, ерекше мерекелік көңіл-күй сәбилердің бойында қалада өткізіліп жатқан тарихи оқиғаларға ортақтық сезімін тудырып, өз қаласы мен еліне деген сүйіспеншілік пен мақтанышын қалыптастырады.
Мереке бағдарламасында: әдеби-музыкалық композициялар, театр миниатюралары, би-хореографиялық қойылымдар. Балалардың республикамыздың елордасы – Астанаға тарту ететін көңілді, жарқын, есте қаларлық мерекесі әрдайым қуанышқа, балалардың шат күлкісі мен сыңғырлаған дауыстарына толы.
Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар тарту етіледі.