Ұйымдастырушылар: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, БҰҰ «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі» (PAGE).
Уақыты: 2021 жылғы 25 мамыр (14.00-15.30).
Формат: офлайн / онлайн.
Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамалары арқасында Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі «жасыл экономика» идеясын мемлекеттің экономикалық даму моделіне енгізе алған алғашқы мемлекет болды. 2013 жылдан бастап еліміз «Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын» дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленіп, ел аймақтарында 2 миллиард ағаш отырғызылып жатыр.
Бұл құжатта экономика салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттер тізбесі келтірілген. Тұжырымдамада экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру мәселелері көтерілген. Маңызды басымдықтардың қатарына қоршаған ортаның жағдайын жақсарту арқылы ұлт денсаулығын нығайту, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру, экономиканы жаңғырту және аймақтардың теңгерімін өсіру арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз ету кірген.
Қазақстанның көрнекті жобаларының бірі, «Болашақ энергиясы» деп аталатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін сәтті жүзеге асыру энергия үнемдеу саласындағы ең жақсы әлемдік технологияларды, балама энергия көздерінің жаңа әзірлемелері мен пайдалану технологияларын елімізге тарту мүмкіндігін берді.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізіп, көрме негізінде БҰҰ-ның көмегімен Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын құру - Қазақстанның халықаралық Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға қосқан маңызды үлесі. БҰҰ-ның ТДМ-і – өзара байланысты 17 мақсаттың жиынтығы. Олар адамзаттың үздік те тұрақты болашағына қол жеткізу жоспарын қамтиды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: Қазақстанда «жасыл экономиканы» жүзеге асырудың өзекті мәселелерін зерттеу; «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын» іске асыру кезеңдері мен нәтижелерін талдау; тұрақты және орнықты мемлекет құрудың шешуші факторы ретінде экономиканың жаңа түрін құру перспективаларын талқылау.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Темірболат Бақытжан Берікбайұлы; Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы; «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төралқасының төрағасы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева; БҰҰ Директорлар кеңесінің мүшесі Ангус Маккей; Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абақанов Елдос Нұрболұлы; М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экологиялық экономика кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Ресей экологиялық академиясының академигі Бобылев Сергей Николаевич; БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш; Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) Еуропа бойынша үйлестірушісі, Тегеран конвенциясы уақытша хатшылығының жетекшісі Алиев Махир; сондай-ақ белгілі сарапшылар, «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» КАҚ мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының өкілдері, т.б. қатысады.
Онлайн режимінде қатысатын мүшелердің қатарында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық департаменттері мен «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының өкілдері, жоғары оқу орындарының экология және биология кафедраларының оқытушылар құрамы, магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ Елбасы кітапханасының еріктілері бар.