Астана қаласында шілденің 29-30 аралығында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінде «Жаңа әдістер. Жаңа тәсілдер. Жаңа тәжірибе» тақырыбында еліміздегі жастар ресурстық орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталған семинар-тренинг өтеді.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерлерінде ашылған жастар ресурстық орталықтарының басшылары және жастармен жұмысқа жауапты мамандар қатысады.
Семинар-тренингтің шеңберінде жастар ресурстық орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру, қазақстандық ресурстық орталықтардың үздік тәжірибесімен бөлісу, жастар саясатын жүзеге асырудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық тәжірибені зерделеу көзделіп отыр.
Еліміздегі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары және Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасының жастар саясаты саласындағы шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөліседі.
Семинар-тренинг күрделі әрі саладағы күрмеулі мәселелерді қамтиды: жастармен мақсатты жұмыс, жастар арасындағы ахуалды сараптау және талдау, жастардың жекелеген санаттары үшін технологиялық пакеттер әзірлеу, саладағы қызметті ақпараттық тұрғыда сүйемелдеу және брендинг.
Оқыту жиыны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы қолдауымен ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда еліміздегі жастар ресурстық орталықтарының (ЖРО) саны 200-ден асып жығылған. Аталмыш мекемелерде кейінгі толқын өкілдеріне қол ұшын созатын 2000-нан астам маман еңбек етеді. Жастар ресурстық орталықтары жастар саясатының брендіне айналуы тиіс. Облыста жастардың өзін-өзі дамытуы бағытында ұсынылған мүмкіндіктер, бағдарламалар мен жобалар жайлы ақпарат ЖРО жинақталады. Қазақстанның кез келген өңіріндегі әрбір жас ресурстық орталықтарға жүгініп, өзін үлкен отбасының бір мүшесі ретінде сезінуі тиіс. ЖРО үшін әрбір жас, олардың тың идеялары мен жобалары маңызды.