2011 жылы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жолы: тарихы, бүгінгі шындығы және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына Ресей Федерациясы, АҚШ, Украинаның және Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары, ғылыми және музей қоғамдастығы, студенттік қоғамдастығының өкілдері қатысты.
«Тәуелсіздік жолы: тарихы, бүгінгі шындығы және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар ашық және жемісті пікірталас барысында тәуелсіздік алу және жаңа мемлекеттілікті құру, Мемлекет басшысы – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы рөлі; елді әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық жаңарту перспективалары мен бағыттары; тарихи бағыттағы музейлердің қазіргі кезеңдегі ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық потенциалының өзекті мәселелерін талқылады.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы тарихи рөлі» секциясына қатысушылар тарихи ұрпақтар сабақтастығын сақтау, тұлғалардың өмірлері мен қызметтерінің өнегесі арқылы патриоттық пен азаматшылдыққа тәрбиелеу бойынша жұмыстардың арта түскен өзектілігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тұлғасына қызығушылық зор әрі уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. «Президенттің рөлі, оның белсенді қызметінің арқасында біз осы уақытта тыныш өмір сүруге мүмкіндік жасаған қоғамымыздың тұрақтылығын, толеранттылығы мен ашықтығын сақтап отырмыз», - деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Дипломатия институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, академик, профессор, Төтенше және Өкілетті Елші Т. Ы. Сүлейменов.
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткізілуі қоғамдық-саяси бағыттылықтың маңызды мәселелерін зерделеу мен өзектілендірудегі музейлер мен музей қоғамдастығының белсенді іс-әрекетінің көрсеткіші болып табылады»,- деп тұжырым жасады «Қазақстан және қазіргі әлем: әлеуметтік-саяси, тарихи-мәдени және экономикалық дамудың өзекті мәселелері» секциясына қатысушылар. «Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің сыртқы саясатында қол жеткізген нәтижелерді бекіткен, Қазақстанның дипломатия саласындағы табысты қадамдарына негіз болған, Қазақстан аумағында халықаралық-құқықтық нормалардың имплементациясына жағдай жасаған, елдің бейбіт сүйгіштік сыртқы саясаты бағытының жүзеге асырылуына қолдау көрсеткен, Қазақстанның беделді халықаралық ұйымдарға қатысуына мүмкіндік берген заңдар қабылданды, - деген пікірін айтты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сәрсембаев.
«Тарихи бағыттағы музейлердің әлеуметтік-мәдени кеңістікті қалыптастырудағы рөлі» секциясында конференцияға қатысушылар музейлердің тарихи мұраны сақтау, жаһандану жағдайында рухани мәдениетті дамытудағы мәдени-білім беру және ғылыми-ағарту орталығы ретіндегі рөлі мен орнының артуын атап көрсетті. «Музейлердің қоғамдағы танымалдығының артуы халықтың мәдени және жалпы білімдік деңгейінің өскендігі, тарихқа, тарихи ескерткіштерге қызығушылығының артқандығын айқындайды», - деп өз ойын білдірді Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Қ.С. Абсалямова.
Конференцияға қатысушылар қорытынды пленарлық мәжілісте конференцияның ұйымдастырылу деңгейін ғана емес, Музей қызметкерлерінің кәсібилігін де жоғары бағалады. «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі – бірегей мекеме, сол себептен бұл мәдениет ордасының тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын зерделеу мен зерттеудің жетекші орталығы болғанын қалар едік»,- деп Оңтүстік Қазақстан облысы Тарихшылар мен саясаттанушылар қоғамының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор И. А. Исмаилов ризалығы мен ұсынысын білдірді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындылары бойынша ұсыныстар қабылданды.
«Тәуелсіздік жолы: тарихы, бүгінгі шындығы және келешегі»
атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
ұсыныстары
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде 2011 жылы 21 қарашада «Тәуелсіздік жолы: тарихы, бүгінгі шындығы және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға қатысуға 131 өтініш түсті, олардың 101-і – баяндамамен қатысты. Конференция үш секциясының жұмысы барысында 68 адам – Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина, Америка Құрама Штаттарынан саясаттану, әлеуметтану, тарих, музейтану және музей ісі, философия, мәдениет, экономика және құқық салаларында маманданған ғалымдар мен практиктер сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар конференция өткізу барысында тәуелсіз Қазақстанның нормативті-құқықтық базасының, елдің сыртқы саяси стратегиясы басты бағыттарының қалыптасуы туралы, музей қызметі тәжірибесіндегі тақырыптың білім беру-ағартушылық насихатының кеңеюіне қатысты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қызметінің Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметін және тәуелсіз ел тарихын ғылыми зерттеуді ұйымдастырудағы жемісті тәжірибесі туралы мәселелер үлкен қызығушылық туғызғанын және қызу пікір алмасуға негіз болғанын атап өтті.
Конференция барысында ұсынылған баяндамалар дайындығының жоғары деңгейін, мәселелер мен сауалдардың өзектілігін, қызығушылық пен қызу пікір алмасуларды атап көрсете отырып, конференцияға қатысушылар келесі ұсыныстар жасауды орынды деп есептейді:
1. Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігіне:
- музейлік мекемелер өкілдерінің ішінен сарапшылық қоғамдастықты тарта отырып музей құндылықтарын мемлекеттік есепке алу бойынша қазіргі заманғы нормативті базаны қалыптастыруға арналған жұмыстарды жеделдету;
- аймақтық музейлік мекемелердің заңдық мәртебесіне, аумақтық орналасуына, материалдық-техникалық жабдықталуына байланысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру;
- музейлік мекемелердің социомәдени қызметінің табысты тәжірибелерін тарату бойынша бірыңғай ақпараттық- әдістемелік алаң құру, осы мақсатта қызметтің негізгі бағыттары бойынша жинақталған тәжірибенің сарапшылық бағасын беру және нақты музейлік мекемелерді ақпараттық-әдістемелік орталық ретінде анықтау;
- ұйымдастыру-әдістемелік және ғылыми-қор қызметінің бағыттары бойынша бірыңғай музейлік кеңістік құру мақсатында музейаралық серіктестік бағыттарын белсенді дамыту;
- бірыңғай ақпараттық кеңістік құру мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі тәжірибесін есепке ала отырып, музейлік, кітапханалық, мұрағаттық мекемелерде автоматтандырылған жүйелерді енгізу және дамыту тұжырымдамасын әзірлеу;
- экскурсия жүргізушілерді дайындауға ерекше назар аудара отырып, музей саласындағы түрлі мамандарды мемлекеттік дайындау мен қолдау мәселелерін қарастыру.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне, ғылыми және білім беру мекемелеріне:
- патриотизмге тәрбиелеу және азаматтықты нығайту істеріндегі, Тарих, Қазіргі заман және Болашақ арасындағы өзара байланысты қолдаудағы мәдениет мекемелерінің, оның ішінде музейлердің потенциалын ескере отырып мемлекет қаржыландыратын арнаулы ғылыми-ағартушылық бағдарламалар енгізу және әзірлеу мүмкіндіктерін қарастыру;
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихы бойынша оқу әдебиетінің сапасын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету;
- тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлін зерделеу бойынша кең көлемді және жүйелі жұмыс жүргізуді дамыту;
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихы бойынша бірыңғай оқулық дайындау;
- Жоғарғы оқу орындарының оқу үдерісіне «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихы» 1 кредит өлшемінде арнаулы курсын енгізу;
- тәуелсіздік тарихын зерделеу және тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған зерттеу және білім беру жұмыстарының кешенді амалдарын қалыптастыру;
- жинақтау, жүйелеу үдерістерін, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихына байланысты деректер, құжаттар мен материалдарды ғылыми зерттеу және насихаттауды қамтамасыз етуде амалдар мен теориялық-методологиялық принциптерді тиімді пайдалану.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне:
- қазақ халқының өткен бай тарихи жолын және мәдениетінің өзіндік ерекшелігін зерделеу мақсатында Қазақстан халқының мәдени-тарихи мұрасын насихаттауды белсенді дамыту;
- Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-саяси және экономикалық салалардағы өмірі мен қызметін зерделеу және жан-жақты насихаттау жұмыстарын жалғастыру.
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігіне:
- Қазақстан қоғамының көпұлтты, көпмәдениетті құрылымы біздің бәсекелестікке қабілеттілігіміздің кепілі болып табылатынын ескере отырып, өскелең ұрпақты мәдениетаралық үнқатысу арнасында тәрбиелеу және салауатты этникааралық ахуалды қалыптастыру.
5. Музейлік мекемелерге:
- серіктестік жобаларын музей имиджін нығайтуға жағдай жасайтын және білім беру мен тәрбиелеу міндеттерін орындайтын, байланыстарды белсендіру, музей келушілерінің санын көбейту құралы ретінде музейлердің қызметтерінде кеңінен пайдалану;
- ҚР Мәдениет министрлігіне музейлердің тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, экспозициялау және көпшілікке тарату үшін жасаған ақпараттық, цифрлық және басқа инновациялық технологияларды енгізу және пайдалану мәселелері бойынша жобалар мен ұсыныстарды бағыттау.
6. Конференция ұйымдастырушыларға:
- жинақталған тәжірибені практикалық пайдалану мақсатында конференция материалдарының жинағын шығару;
- осы ұсыныстарды тиісті мемлекеттік ұйымдарға жіберу.