«Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтеді

6 қараша күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде салтанатты түрде «Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтеді.

«Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің аталған құрмет белгісі – қазақ халқының тілін, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттауда ерекше еңбек сіңірген азаматтарға тапсырылады. Үміткерлерді белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан тұратын арнайы комиссия іріктеді. Оған «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков төрағалық етті.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі екі жылда бір рет табысталады,      2015 жылы бесінші рет өткізіледі. Алғашқы жылы құрмет белгісіне қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдар Түркия профессоры Абдувахаб Қара, Еуропа Қыпшақтар қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Корея Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман ие болды.

Кейінгі жылдары мемлекеттік тілге шынайы жанашырлық танытып, тіл мен мәдениеттің дамуына нақты ісімен үлес қосқан ғалымдар мен жазушылар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен меценаттар марапатталды.

Биылғы жылы наградалар 21 номинантқа табысталады. Олардың қатарында Қазақстанның Астана мен Алматы қалаларынан және елдің түкпір-түкпірінен жиналған тіл жанашырлары бар. Сондай-ақ Мәскеу мен Орынбор қалаларының өкілдері жоғары марапатқа ие болады.