«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі ашылады

2017 жылғы 2 наурызда сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі ашылады және пошта маркаларын қалыптау рәсімі өтеді. Жаңа экспозиция Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған.
Көрменің ашылу салтанатына еліміздің атақты спортшылары Жақсылық Үшкемпіров, Гузель Манюрова, Василий Левит және тағы басқалары қатысады. Көрме материалдары қазақстандықтарды спорттың даңқты жеңістері тарихымен егжей-тегжейлі таныстырып, сонымен қатар жаңа жетістіктерге шабыттандырады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының әріптестік жоба аясында ұйымдастырылған «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі ҚР ҰОК 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар топтамасын ашады.
«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесінде Қазақстанның спорттағы жетістіктерінің тарихына терең үңілуге мүмкіндік беретін қазақстандық чемпиондардың спорттық олжаларының үлкен топтамасы, Ұлттық Олимпиада Комитеті президенттерінің жеке коллекцияларындағы заттар мен мұрағат материалдары алғаш рет ұсынылады. ҚР ҰОК барлық президенттері А.С. Ақпаев (1992–2002 жж.), Т.К. Досымбетов (2002–2006 жж.), Т.М. Досмұхамбетов (2006–2015 жж.), Т.А. Құлыбаевтар (2015 жылдан) жинақтаған бірегей жәдігерлер арқылы спорттағы айтулы жеңістердің хронологиясымен танысуға болады.
«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі 2017 жылдың 2 мамырына дейін жалғасады.