Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің негіздері» атты қор көрмесін ұсынады.
Көрме 2 бөлімнен тұрады.
«Мемлекеттік рәміздердің тарихи негіздері» бөлімінде тереңнен бастау алған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихына шолу жасалып, нышандардың қабылдануы туралы баяндайтын құжаттар, жәдігерлер, кітаптар ұсынылды
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері: Ту, Әнұран, Елтаңба» бөлімінде ел рәміздерінің сипаттамасы, саяси мәртебесі, қолданылуы туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар, кітап және музей материалдарының кешені, бейнелі фотосуреттер, тарихи экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бүгінде әлемге танымал. Олар халқымызды біріктіріп, өз Отаны үшін мақтаныш сезіміне бөлейді, жарқын болашаққа деген сенім мен үміт сезімдерін ұялатады.
1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады.
Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Мемлекеттік рәміздердің жобаларын жасауға арналған байқау ерекше зор қоғамдық сипат алды. Мемлекеттік Ту эскиздері бойынша 1200 өтінім, Елтаңбаның 245 жобасы 67 суреттемесі мен Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылды.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымының 7 сессиясында ел рәміздеріне ұсынылған жобалар талқыланып, бекітілді.
Тәуелсіздік жылдарында көк Туымыз абыройдың асқар биігіне көтерілді, Елтаңбамыз берекенің белгісіне айналды, Әнұранымыз халық рухын асқақтатты. Бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері еліміздің қасиетті төлқұжаттары болып табылады.
Нұр-Сұлтан қ., Ә. Бөкейхан к-сі, 1 «а».
тел: 69 30 40; 69 30 41; 69 30 44; 69 05 79