«ӘЛЕМ ТАНЫҒАН – ЕЛБАСЫ» КӨШПЕЛІ ҚОР КӨРМЕСІ

2018 жылдың 20 сәуірінде сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Алматы облысы Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Елбасы кітапханасының жинағынан «Әлем таныған – Елбасы» көшпелі қор көрмесі ашылады. Көрме еліміздің сыртқы саясатының басымдықтарын, Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметі арқылы Мемлекет басшысына шетелдердің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қорлар, әлемдік жетекші компаниялар, корпорациялар мен мекемелер тарту еткен бірегей жәдігерлерді ұсына отырып, ашық көрсетуді көздейді. Жәдігерлер Елбасымыздың сындарлы саясатына деген әлемдік қауымдастықтың құрметі мен мәртебесінің белгісі іспеттес, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын айшықтайды.

Қазақстан Республикасының егемендік алған жылдардан бергі сыртқы саясатының дамуы 1991 жылдың 1 желтоқсанында Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғаннан бастап жарияланған көпвекторлы тұжырымдамаға негізделеді. Бүгінгі таңда Елбасымыздың сындарлы көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында Қазақстан Республикасы әлемдік деңгейде лайықты орнын алып, сенімді сыртқы саяси серіктес ретінде халықаралық қауымдастықтың зор құрметі мен беделіне ие болды.

КСРО ыдырағаннан кейінгі күрделі кезеңде Н. Ә. Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы әлем тарихында теңдесі жоқ шешім қабылдап, дүниежүзінде көлемі бойынша төртінші орын алатын атом қаруы мен оны тасымалдау құралдарынан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім бүкіләлемдік қарусыздану үдерісіне мықты серпіліс берді.

Қазақстан халықаралық лаңкестікке қарсы күресте әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің негізгі серіктестерінің бірі болып, өзін заманауи өркениеттің гуманистік қағидаларын ұстанатын мемлекет ретінде көрсетті.

Қазақстан түрлі этностар мен конфиссиялардың үйлесімді өмір сүру мүмкіндігін барша әлемге паш етті. Көптеген мемлекет және діни қауымдастықтардың басшылары «күш – бірлікте» ұстанымына негізделген қазақстандық қоғам үлгісінің ерекшелігін мойындап отыр. Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен елімізде 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтіп келеді.

Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа қарқынды еніп, бүкіләлемдік деңгейде танылуы, халықаралық аренада саяси күшке ие болуы – лидерлік қасиетін әлем мойындаған Н. Ә. Назарбаевтың басқаруындағы Қазақстан Республикасының белсенді сыртқы саясатының арқасында мүмкін болды.