27 тамыз күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған екі көрме ашылды.
Еліміздің негізгі заңының қабылдануы туралы, тарихи сәтке белсенді атсалысқан жандар жөнінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіздігіміздің құқықтық негізі» атты көрме баяндайды.
Экспозиция Елбасының жеке қорынан және кітапханасынан алынған материалдар мен басылымдардан тұрады. Бұл – Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері, хат алмасулары, жұмыс материалдары, Н.Ә. Назарбаевтың түзетулері бар Ата Заң жобасының түпнұсқалары.
Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына орай жүргізілген ғылыми-іздестіру экспедицияның нәтижелері алғаш рет «Ядролық қарусыз әлемнің қазақстандық үлгісі» көрмесінде жария етіледі. Бірегей 100-ге жуық тарихи материал көпшіліктің назарына ұсынылады. Көрмеге ұлттық ядролық орталық, сынақтың зардаптары, «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы туралы бірегей мұрағат құжаттары, суреттер, эксклюзивті фотодеректер және бейнематериалдар қойылған.
Келушілердің назарына Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының виртуалды көрмесі (Курчатов қ.) және Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының (Семей қ.) көрмелері ұсынылады.
Семей полигонындағы сынақтардың зардабына Құрман Айтмұханбетовтың «Семей қасіреті» тақырыбындағы мүсіндер көрмесі арналады.
Көрмелер қыркүйектің соңына дейін жалғасады.
Елбасы кітапханасындағы экскурсия жүргізу кестесі:
Дүйсенбі – сенбі: 10:00/ 11:00/ 12:00/ 15:00/ 16:00/ 17:00
Түскі үзіліс: 13:00-14:30
Жексенбі: демалыс
Экскурсияға жазылу 8 (7172) 69-30-42 телефон нөмірі бойынша немесе www.presidentlibrary.kz сайты «Оқырмандарға» бөліміндегі электрондық өтінім толтыру арқылы.
Елбасы кітапханасына кіру, көрмелерді тамашалау тегін.