КОРЕЙ СУРЕТШІСІ ЛИ ИНАМНЫҢ «SIGNAL OF LIGHT» ЦИФРЛЫҚ ӨНЕР КӨРМЕСІ

9 шілде күні сағат 16.00-де  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан астанасының мәдени өміріндегі бірегей оқиға – корей суретшісі Ли Инамның «Signal of Light» цифрлық өнер көрмесінің ашылуына шақырады.

Вернисаж Елбасы кітапханасының (Бөкейхан көшесі, 1А) көпфункционалды залының заманауи LED-экрандармен жабдықталған футуристік алаңында өтеді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырылған.

Көрме кеңістіктегі түс, форма, жарық айналасындағы тұрақты көркемдік ізденістердің нәтижелерін ұсынады. Ли Инамның цифрлық туындылары көрерменге бейне, дыбыс, қозғалыс арқылы шығарманы терең сезінуге мүмкіндік береді.

Автордың жұмыстары әлемге деген көзқарасты өзгертуге, тарихпен және бізге бала кезден белгілі ұлы шеберлердің шедеврлерімен диалог үшін жаңа арналар құруға жол ашады. Шебердің тағы бір негізгі палитрасы – бейне.  Сол арқылы көрермендер сиқырлы шамнан  кинотеатрға,  оптикалық иллюзиялар мен панорамалық кескіндемеден виртуалды шындыққа,  құр қиялдан әмбебап өнер туындысына дейінгі медиа өнердің дамуын бақылай алады.

 

Анықтама: Ли Инам Енсе университетінің визуалды өнері Жоғары мектебінің PhD санатына кандидат болып саналады.

2017 жылы ол ЮНЕСКО-ның Корея комитетінің мәдениет және өнер жөніндегі ізгі ниет елшісі, 2019 жылы – «International Symposiumon Electronic Art» мультимедиялық ашылу салтанатының режиссеры, 2021 жылы – «Art Korea Broadcasting 2020» бейне бөлімінің қоюшы-суретшісі қызметтерін атқарған.

Автордың жеке көрмелері әр жылдары АҚШ, Бельгия, Польша, Ұлыбритания, Франция және Ресейде өткен.

Шебер медиа-өнер саласында түрлі марапаттарды иемденген.

 

Аккредиттеу міндетті.

БАҚ өкілдерінен 2021 жылғы 8 шілде сағат 18.00-ге дейін мына presidentlibrary.pr.kz@gmail.com   электрондық мекенжайға құжаттарын салуды сұраймыз.

Анықтама телефондары: + 7 (7172) 69-30-59, 69-30-56.