«ҚАЗАҚСТАН МАҚТАНЫШЫ» СПОРТ-РЕВЮ

12 наурызда сағат 16.00-де Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында (Бөкейхан к-сі, 1А) Серік Сәпиев, Юрий Мельниченко, Илья Ильин, Гюзель Манюрова, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков, Әлия Юсупова, Василий Левит, Дархан Нортаев, Мөлдір Мекенбаева, Бейбіт Ыстыбаев, Сергей Цырульников, Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин сынды спорт саңлақтары мен олардың шәкірттерінің қатысуымен «Қазақстан мақтанышы» спорт-ревюі өтеді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ынтымақтастық меморандумына қол қояды. Сондай-ақ рәсімге қатысқан спорт майталмандары мен олимпиада чемпиондары жеке заттарын Елбасы кітапханасының музейіне тарту етеді.

Спорт-ревю бағдарламасында күш қолданатын спорт түрлері бойынша төрт дүркін әлем рекордсмені, Гиннесс кітабының және алты мәрте Қазақстан рекордсмені, Сергей Цырульников өнер көрсетсе, 2000-2009 жылдардағы Қазақстанның  абсолютті чемпионы, екі Олимпиадаға қатысушы Ә.Юсупова және Нұр-Сұлтан қаласының көркем гимнастикадан жастар құрамасы шеберлік-сынып өткізеді. Сондай-ақ «Қазақстан мақтанышы» экспозициясы бойынша жүргізілетін экскурсия барысында С.Сәпиев, И.Ильин және басқа да спортшылардың қатысуымен өтетін интерактивті спарринг-матчты тамашалауға болады. Іс-шара барысында автограф-сессия өтеді.

Спорт-ревю Елбасы кітапханасының жаңа «Қазақстан мақтанышы» мәдени-ақпараттық жобасының түңлігін түреді.

Жобаның мақсаты – Қазақстан азаматтарының әлеуметтік және экологиялық маңызы бар қызметтердегі, спорт, өнер, ғылым саласындағы жетістіктерін көрсету. Бұл жетістіктер – Қазақстан Республикасының даңқын асырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың азаматтық сана мен патриотизмді, ұлт денсаулығын қалыптастыру жөніндегі идеяларының серпінді іске асырылуының жарқын көрінісі.